Атырау облысында 50-ден астам ауыл ішімдіктен бас тартты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
sober, alcohol-free, detox
Қазақстанда ішімдіктен бас тартқан ауылдар көбейді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Атырау облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты. Махамбет ауданына қарасты Еңбекшіл ауылында 47 үйде 272 адам тұрады. Бұл туралы ІІМ хабарлады.

Министрлік мәліметінше, ұрпақ болашағын ойлаған ауылдар өзгелерге үлгі болып отыр. Шағын ғана ауыл болғанымен, Еңбекшілде бірлік пен татулықтың, өзара сыйластықтың үлгісі байқалады. Ауылда бір мектеп, медициналық пункт және күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды ұсынатын жалғыз дүкен жұмыс істейді.

«Биыл ауыл тұрғындары өзара келісе отырып, ішімдік сатуға да, ішуге де толықтай тыйым салу туралы шешім қабылдады. Қазір ауылға келсеңіз, тыныштық орнаған, адамдардың ой-санасы өзгеріп келеді. Ішімдіксіз өмірдің де сәні мен мәні бар екенін бәрі түсінді, – дейді полиция қызметкері Айдос Сейтқазиев.

Еңбекшіл – атына сай еңбекқор ауыл. Таңертеңгілік әркім өз ісіне кірісіп, кешкісін бір дастарқан басында бас қосу – бұл елді мекенде қалыптасқан өмір салты.

Атырау облысында 50-ден астам ауыл ішімдіксіз өмір салтын таңдаған. Мұндай елді мекендерде қоғамдық тәртіп деңгейі жоғары, өзара түсіністік пен ынтымақ орнаған, деп жазды polisia.kz.

Осының алдында Қостанай облысында жиырмаға тарта ауыл ішімдіктен бас тартқаны мәлім болған. Сонымен бірге, Ақмола облысы Далабай ауылының тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тартқан. Ал алкогольден бас тартқанына 5 жылдан асқан Алматы облысы Балқаш ауданы Бояулы ауылында заңсыз әрекеттер сап тыйылғаны байқалған.

Сондай-ақ оқыңыз