Қазақстанда 1%-дық ипотека іске қосылды
Жарияланды

«Дипломмен – ауылға» мемлекеттік ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Оған ауылдық жерде жұмыс істейтін агроном, ветеринар мұғалім, дәрігер сияқты мамандар қатыса алады.
Бағдарлама артықшылығы
- Үстеме жәрдемақы – 100 АЕК (393 200 теңге).
- Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген несие. Елді мекенге байланысты 2500 АЕК-ке дейін (9 830 000 теңге) 15 жыл мерзімге, жылдық 1% мөлшерлемемен.
- Мамандар бір мезетте көтерме жәрдемақы мен несие ала алады, алайда өзі жұмыс істейтін ауылдан ғана үй сатып алуға немесе салуға болады.
Кімдер қатыса алады
Бағдарламаға ауылдық жерде төмендегі салалар бойынша жұмыс істейтін жоғары немесе арнаулы орта білімі бар Қазақстан азаматтары қатыса алады:
- Агроөнеркәсіп кешені: агрономдар, ветеринарлар және т.б.;
- Білім беру: мұғалімдер, тәрбиешілер;
- Денсаулық сақтау: дәрігерлер, медбикелер;
- Әлеуметтік қорғау: әлеуметтік қызметкерлер;
- Мәдениет және спорт: жаттықтырушылар, мәдениет үйлері қызметкерлері;
- Мемлекеттік қызмет: ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары (әкімдер мен олардың орынбасарларынан басқа).
Қатысу шарттары
- Соңғы 2 жылда таңдаған ауылда тұрғын үй болмауы және несие бойынша берешегі болмауы керек.
- Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы дипломы болуы қажет.
- Несие алғаннан кейін мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеу міндетті.
Қалай өтінім беру керек?
- Ауылдық жерден мамандығыңызға сай бос жұмыс орнын табыңыз немесе жергілікті әкімдікке жүгіну қажет.
- Бағдарлама операторы – Отбасы банкінің Baspana Market платформасына тіркелу керек.
- Онлайн өтінім беріп, ЭЦҚ арқылы құжаттарға қол қоюы тиіс.
Еске салайық, «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының шарттары келісу сатысында тұр. Жоба Азия даму банкімен бірлесіп іске асырылады. Жеңілдікті шарттар бойынша тұрғын үй сатып алғысы келетін әйелдерді қолдауға бағытталған.