Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысы 2026 жылы аяқталады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қашаған
Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысы қашан аяқталады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қашаған кен орнында салынып жатқан газ өңдеу зауыты 2026 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов айтқан.

«Зауыт құрылысы 2026 жылдың соңында аяқталады», – деді ол «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында.

Жамауовтың сөзінше, нысан құрылысы белгіленген кестеге сай жүріп жатыр. Қазір жобада шамамен 2 мың жұмысшы мен маман еңбек етіп, 330-дан астам арнайы техника тартылған.

Ірі көлемдегі жабдықтар орнатылып, іргетас құю жұмысының басым бөлігі аяқталған. Қазіргі кезде металл құрылымдарын тұрғызу, резервуарлар жинау және технологиялық жүйелерді жалғанып жатыр.

Жоба қуаты жылына 1 млрд текше метр газды өңдеуге мүмкіндік береді. Зауыт іске қосылғаннан кейін, тауарлық газ өндіру көлемі артып, түйіршіктелген күкірт, сұйытылған мұнай газы шығарылады.

Бұған дейін, 2024 жылдың тамызында, «GPC Investment» ЖШС басшысының міндетін атқарушы Берік Әбішев зауыттың 2026 жылдың ортасында іске қосылатынын хабарлаған. Ал бастапқы жоспар бойынша нысан 2025 жылы дайын болуы тиіс еді.

2025 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қашаған мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысы баяу жүріп жатқанын айтып, жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырған болатын.

Қашаған – Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігінде орналасқан ең ірі мұнай-газ кен орны. Оның мұнай қоры 9–13 млрд баррель деп бағаланады. Мұнай өндірісі 2016 жылдың 1 қарашасында басталған.

Қашаған операторы North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының қатысушылары: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (Eni компаниясының еншілес ұйымы, 16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).

Сондай-ақ оқыңыз