Филиппиндегі «Калмаэги» тайфуны салдарынан 220 адам қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Тайфун салдарынан қаза тапқандар қатары артты / Фото: euronews.com

Филиппин аралдарында күшті жел мен су тасқынын тудырған «Калмаэги» тайфуны (жергілікті жұрт «Тино» дейді) ауыр зардапқа әкеп соқты. Апаттың алдын алу және басқару ұлттық кеңесі (NDRRMC) қаза тапқандар мен зардап шеккендердің саны артқанын растады.

GMA News агенттігінің мәліметінше, 9 қарашадағы жағдай бойынша 224 адам көз жұмған, тағы 109 адам із-түссіз жоғалған. Бұған дейін 188 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.

6 қарашада елде ұлттық төтенше жағдай режимі енгізілген.

Табиғи апат Лусон, Висаяс және Минданао аралдық топтарын қамтыған 24 провинцияны шарпыды. Көптеген өңірде электр желілері істен шыққан, ондаған әуе рейсі тоқтатылды.

Филиппин ақпарат агенттігі (PNA) хабарлағандай, 150 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған.

«Калмаэги» 5 қарашада Филиппинге соғып, кейін орталық Вьетнамның жағалау және таулы аймақтарына жетіп, инфрақұрылымға зақым келтіріп, электр энергиясын өшіруге себеп болды.

Сондай-ақ оқыңыз