Болашақта мүлде ақша болмайды – Илон Маск

Болашақта мүлде ақша болмауы мүмкін. Бұл жайында Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Маск болжам жасады.
Ведомсти ақпаратына қарағанда, ол бұл пікірін компания акционерлерінің жиналысында айтқан.
«Мүмкін, болашақта мүлде ақша болмайтын шығар. Немесе ақша қалады, бірақ оны ваттпен өлшейтін боламыз. Мысалы, қанша энергия өндіруге болатынын электр қуаты тұрғысынан есептеу арқылы», – деді ол.
Маск әзілдеп, акционерлерге «Tesla акцияларын ұстай тұрғандарыңыз жөн», – деп те қағытты.
31 қазанда миллиардер Джо Роганның подкастында сөйлеген сөзінде, «жасанды интеллект (ЖИ) 2030 жылға дейін смартфондарды толығымен алмастыра алады» деп болжаған еді. Оның айтуынша, нейрожелі иесінің қажеттіліктеріне өздігінен бейімделе алатын деңгейге жетеді.
Ал қараша айында OpenAI компаниясының негізін қалаушы Сэм Альтман алдағы жылдары нейрожелілер компаниялардың басқарушылық функцияларының көп бөлігін орындай алатынын айтты. Ол бас директорларды да ЖИ алмастыруы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Егер мен саясаткер бола алсам, жасанды интеллект те бола алады», – деді Альтман әзілмен.
Мұның алдында Илон Масктің Tesla компаниясынан 1 трлн доллар бонус алатыны туралы хабарлаған едік.