Әскерде қаза болған сарбаздардың аналары Астанада митингіге шықты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media

Астана қаласында әскери қызмет атқарып жүрген кезінде жараланған және қаза тапқан сарбаздардың аналары наразылық акциясына шықты

Әскерде ұлдары жараланған, қаза болған аналар Министрліктер үйінің 16-кіреберісі алдында жиналды. Олар армияны реформалап, ұлдарының өліміне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етті.

«Тәуелсіз комиссия құрылсын!»

Әскери колледжде оқып жүргенде бас сүйегінің жартысынан айырылып, көзі көрмей, денесі сал болып қалған Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова әскери заңсыздықтарға қатты алаңдайтынын айтты. Ол аналардың жиналып қол қойған хатын журналистер алдында оқып берді.

«Жас сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, немқұрайлықтың, әлімжеттіктің құрбанынан айналып жатыр. Қазақстанның Ата заңында адам өмірі ең жоғарғы құндылық екені жазылған. Біз ата-аналар, сарбаз өлімін тоқтату үшін белсенді араласуға дайынбыз. Негізгі талаптарымыз: әскери істердің әділ және ашық тергелуін талап етеміз! Сарбаздардың бәрінің басынан өткен жағдай, жаралауы, қаза болуы әділетті түрде тергелсін! Бұлар әскери қылмыстардың бәрін жасырып жатыр. Статистиканы біз білмейміз, бүкіл ақпарат жария етілсін! Біз талап етеміз! Казармада, асхана мен оқу залы сияқты барлық аумақта «Сергек» камералары орнатылсын! Ата-аналар, қоғам өкілдері тергеу барысына тікелей атсалыссын! Кінәлі адамдардың заң алдында жауап беруін талап етеміз! Өткен істер қайта қаралсын! Күмәнді істер бойынша сараптамалар мен медициналық куәландырулар, бейнематериалдар қайта зерттелсін! Тергеу қоғамдық бақылау мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жүргізілсін. Тәуелсіз комиссия құрылсын! Комиссия құрамына журналистер, ата-аналар мен қоғам өкілдері кірсін!» – дейді Гүлмира Мұқажанова.

Ұланның ағасы Берік Сембаев әскерде қазір жігіттердің ата-аналарынан ақша алдырып жатқанын, аяқтарына киетін аяқ киімі мен тамақтары да дұрыс емес екенін айтады.

«Мүгедектік көп болып кетті. Жақында ғана әскердегі бала үйіне келіп асылып қалған. Соның бәрін тоқтату керек. Реформа талап етеміз! Қарындасымның баласы Ұлан мүгедек болып қалды. Шекесінен атылды. Ешқандай адам заң аясында жауапқа тартылған жоқ. Үшінші жыл төсек тартып жатыр. Министрліктен еміне ештеңе бөлінген жоқ. Бала «өзін-өзі атып алды» дейді. Олай болуы мүмкін емес. Қылмыстық іс басталады да, тоқтап қалады. Үш жыл болды. Бауырымда ешқандай үкімет тарапынан көмек жоқ», – дейді ол.

Полиция өкілдері бірнеше рет келіп, әйелдерге тәртіп сақталуы керектігін ескертті. Олар тек бақылап тұрды. Аналарды қолдауға қарапайым азаматтар да келген. Соның бірі – мойнына «Реформа талап етеміз» деп плакат таққан Кәмшат Хаденова . Ол аналармен бірге жауапты басшылардың көпке шығуын талап етті.

«Журналистерсіз тізімдегі 8 ананы ғана кіргіземіз деп отыр. Аналардың кірерде телефонын алып қалмақ. Осында шық десек шықпай отыр. Орынбасары келді. Бірақ генералдың өзі шықпады. Біз әскердегі заңсыздыққа қарсымыз! Балаларымыз өлмесін дейміз! Ана ретінде мен қолдауға келіп отырмын», – дейді Кәмшат Хаденова.

«Баламды ұрып өлтірді»

Айна Есбергенова есімді ана ұлын әскерде әлдекімдер ұрып соққан соң, қайтыс болғанын айтады. Ол Астанаға Атыраудан келген. 2023 жылы 27 қарашада өз еркімен отан алдындағы борышын өтеуге кеткен ұлы жайлы суық хабар 2024 жылы 9 сәуірде келген.

«Балам жүрек ауруынан қайтыс болды деген хабар келді. Өзім бардым. Баламды киіндіріп қойған. Үстінде сау жері жоқ. Үйіме алып келдім, жерледік. Жерлеген соң баламмен бірге әскерде болған достары келіп, баламды ұрып, өлтіргенін айтты. Балам далада 20 минут жатқан, ол кезде тірі болған. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Балам сол жерде көз жұмған. Баламды ұрып өлтірген адамдар заң жүзінде жазасын алуын талап етемін», – дейді Айна.

Аналардың алдына шенділер шықты

Біршама уақыттан кейін аналардың алдына Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов пен Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев шықты. Үмбетов арыз-шағымдар мен қосымша талаптардың бәрі де қабылданып жатқанын айтты.

«Тоғыз адам арыз жазғансыздар. Тізімнен тыс адамдардың да арызын қабылдаймыз. Кіріңіздер, бәрін тыңдаймыз», – деді Қайрат Үмбетов.

Министрліктер үйі алдында шенділердің аналармен диалогы болған жоқ. Аналар министрліктер үйіне кіріп кетті. Журналистер ғимарат сыртында қалды.

Бұған дейін де әскерде әр жылдары қайтыс болған сарбаздардың ата-анасы Астанаға келіп, жүргізілген тергеуге көңілі толмайтынын жеткізген.

Сондай-ақ екі жыл бұрын басына екі оқ тиіп қайтыс болған сарбаз Қайсар Сұлтановтың ісі бойынша тергеу қазан айында қайта басталды. Марқұмның анасы Сәуле Тілеубергенованың айтуынша, қылмыстық іс бұған дейін «суицид жасады» деген желеумен екі рет жабылған.

Сондай-ақ оқыңыз