«Еден жуушы директормен тең»: Уоррен Баффет инвесторларына соңғы хатын жолдады

Инвестор Уоррен Баффет Berkshire Hathaway компаниясының акционерлеріне арналған соңғы қоштасу хатын жариялады. Ол компанияның 1800 акциясын қайырымдылық қорларына, атап айтқанда, өз балаларының қорларына аударатынын мәлімдеді. Bloomberg есептеуінше, Баффет 1,3 млрд доллардан астам қаржыны қайырымдылыққа бермекші.
Сонымен қатар ол енді Berkshire Hathaway компаниясының жыл сайынғы есептерін жазбайтынын және акционерлер жиналыстарында сөз сөйлемейтінін айтты. Ал өзінің мұрагері ретінде компанияда 30 жылдан астам жұмыс істеген Грег Абельді атады.
«Ол – үздік менеджер және жақсы коммуникатор. Біздің компанияларымыз бен ондағы адамдар жайлы менен де жақсы біледі», – деп жазды Баффет мұрагері жайлы.
Баффет соңғы хатында өзінің серіктеріне ерекше ризашылығын білдірді. Қартаю, сәттілік және мейірімділіктің құндылығы туралы жеке ойларымен де бөлісті.
«Ұлылық байлықпен немесе билікпен өлшенбейді. Егер сіз өзгеге көмектессеңіз, сіз әлемге көмектесесіз. Еден жуушы да директорлар кеңесінің төрағасымен тең адам», – деп жазды ол.
95 жастағы Уоррен Баффет қаржы нарығындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі саналады. Forbes есебі бойынша, байлығы 168 млрд доллар деп бағаланған. Оның жыл сайын Berkshire Hathaway акционерлеріне арнап хат жазатын дәстүрі бар. Онда компанияның қаржылық жағдайын ғана емес, инвестиция, тәуекел, нарық пен адам мінезі туралы ойын да бөліседі. Кейде ол хаттарды бизнес мектептерде оқулық ретінде қолданады.
Осы жылы мамырда ол қызметінен кететінін мәлімдеген еді.