Мұнай-газ компанияларымен 19 млрд теңгенің келісімшарты үзілген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен жалпы сомасы 9 млрд теңге болатын 17 келісімшарт үзілген. Соның ішінде 2 млрд теңге қаржы бюджетке төленген. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалануды басқарудың мемлекеттік бірыңғай ақпараттық жүйесінде хабарламалар электрондық түрде жолданады. Жыл сайынғы мониторинг нәтижесінде 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың атына жалпы сомасы шамамен 19 млрд теңге болатын келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы 167 хабарлама жолданды. Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджетке шамамен 2 млрд теңге төленді», – деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі кезде мұнай-газ саласында 324 келісімшарт бар. Соның ішінде барлауға қатысты – 15, барлау және өндіруге – 170, өндіруге байланысты 131 келісімшарт болса, ал өнімді бөлу туралы 8 келісім жасалған.

Биыл министрлік 2 аукцион өткізген, оның нәтижесінде 11 келісімшарт жасалған. Бюджетке 10,6 млрд теңге аударылған. Алдағы 6 жылға барлауға 71,6 млн доллар инвестиция тартылып отыр.

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде геологиялық барлау жұмыстарына 80 млрд теңге инвестиция салынған.

«2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлау жұмыстарына сәйкесінше 150 және 160 млрд теңге бағыттады. Ал 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 80 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі алдыңғы жылдар деңгейінен кем болмайды деп болжанып отыр», – деді вице-министр.

Бұған дейін елдегі мұнай компанияларына жалпы 50 млрд теңге көлемінде айыппұл салынғаны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз