Берік Уәли: Алтын өндіргісі келетін түріктер өңірде жаңа мектептер салады

Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде ашылатын ірі өндіріс орындары туралы айтты. Мәселен, Miryildiz Mining түрік компаниясы алтын мен мыс өндіріп қана қоймай, жаңа мектептер салуға келісіп отыр.
Мыс балқыту зауытына үміт зор
Абай облысын басқарғанына тоғыз ай болған Берік Уәли Астанада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз конференциясын өткізді. Ол облысқа инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстарына да тоқталды. Бұл ретте облыс әкімі KAZ Minerals пен China Nonferrous Metal қытай компаниясы бірлесіп салатын жаңа мыс балқыту зауытына үлкен иек артып отыр. Жобаға 587 млрд теңге инвестиция құйылмақ.
«Жоба іске асса, облыстың экономикасына үлкен септігін тигізетін еді», – дейді Берік Уәли.
Кәсіпорын 2028 жылға дейін іске қосылады. Мұнда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. KAZ Minerals миллиардер Владимир Кимге тиесілі.
Бұған қоса, Уәли өндіріс аймағында қытай компаниясы 27 млрд теңгеге зауыт құрылысын жүргізіп жатқанын да айтып өтті.
«Бұл жерде микрочиптер, қондырғылар, аспаптар орнататын үлкен зауыт. Жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түрінде ақша түседі», – деді өңір басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырда Берік Уәли мен Қытай инвесторлары 1,57 млрд доллардың келісіміне қол қойған. Оның алдында өңір басшысы қытай инвесторларын облысқа шақырған.

Түріктер жаңа мектептер салуға келісті
Бұл уақытта Абай облысында алтын мен мыс өндіргісі келетін Miryildiz Mining түрік компаниясы осы өңірде жаңа мектептер мен балабақшалар салғысы келеді.
«Олар алтын өндірумен ғана емес, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында, жаңа мектептер мен балабақшалар салуға дайын екенін білдірді. Солармен келіссөз жүргізіп отырмыз», – дейді Уәли.
Оның айтуынша, түрік инвесторлары келіссөз барысында мәселенің тез шешілгенін атап өткен. Осы ретте облыс басшысы басқа да шетел инвесторларын шығыстағы өңірге шақырды.
«Ресей, Қытай және Түркиядан біздің облысқа келгісі келетін инвесторлар бар болса, біз олармен кешқандай кедергісіз жұмыс жасауға дайынбыз», – деп мәлімдеді өңір басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Miryildiz Mining тау-кен компаниясының бас директоры Эмрах Эрдэм Қазақстанда алтын мен мыс өндіретінін 2025 жылғы қазанның аяғында Астанадағы форумда жариялаған. Ал сәуірде түріктер Уәлиге алтын комбинаты құрылысының жобасын көрсеткен. Сол кезде оның жалпы құны 482 млн долларға бағаланған. Комбинатта 2 мың жұмысшы істейді.
Астанадағы баспасөз конференциясында Абай облысында 1,1 мың гектар жерге жаңа ықшам аудан салынатыны туралы да айтылды.
Кинотанушы һәм журналист, қазіргі шенеунік жергілікті халықтың көңілінен шықты ма? Kursiv.Media мақаласын оқыңыз.