Министрлік томотерапияны тізімнен алып тастау себебін түсіндірді

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов 1 қазаннан бастап томотерапия жоғары технологиялық медициналық қызметтер тізімінен неге алынып тасталғанын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл – қаржыны үнемдеу емес, технологияның рутиналық сипат алуына байланысты қабылданған шешім.
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Kursiv.Media тілшісі вице-министрден осы шешімнің салдарына қатысты сұрақ қойды.
«Томотерапия 1 қазаннан бастап жоғары технологиялық медициналық қызметтер тізімінен алынып тасталды. Соның салдарынан онкологиялық науқастар, соның ішінде балалар, емсіз қалды. Министрлік бұл шешімді неге қабылдады? Бұл – қаражат тапшылығы ма, әлде медициналық басымдықтардың қайта бөлінуі ме? Пациенттерге қандай шешім ұсынылады?», – деп сұрады тілші.
Тимур Мұратовтың айтуынша, томотерапия емі тоқтаған жоқ, тек оның мәртебесі өзгерген.
«Елімізде бір-екі ғана томотерапия орталығы бар. Бұл технология енгізілгелі бес жылдан асты. Қазір ол жоғары технологиялық емес, рутиналық әдістер қатарына жатады. Яғни, оны бір деңгейден екінші деңгейге ауыстыру – халықты емсіз қалдыру деген сөз емес», – деді вице-министр.
Ол сондай-ақ тарифтің қайта қаралғанын растады.
«Алғаш енгізілген кезде жоғары тариф қойылған. Қазір ол нақты ресурстарға сәйкес қайта қалыптастырылды. Бірақ көмек тоқтаған жоқ. Бұл бағыт әрі қарай қаржыландырылады. «Үміт» орталығына барғандар МӘМС қоры есебінен ем алады», – деді Мұратов.
Мәселе бойынша Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева да пікір білдірді.
«Қазіргі таңда томотерапия – сәулелік терапияның бір түрі және барлық онкологиялық орталықтарда қолжетімді. Өткен жылы тариф 20 пайызға қысқарған еді, ал биыл қысқарту болған жоқ. Дәл осы тарифтер бойынша клиникалық-шығындық топтар арқылы төлем жүргізіледі. Балалар медициналық көмектен айырылған жоқ. Бүгінде томотерапия бойынша үшінші орталық ашылды. Бұл – сәулелік терапияның қалыпты, стандартты әдістерінің бірі», – деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Үміт» Халықаралық онкологиялық томотерапия орталығы ЖШС директоры Ерлан Шаяхметов осының салдарынан 57 науқас, оның ішінде 7 онкологиялық ауруы бар бала шұғыл түрде орталықтан шығуға мәжбүр болғанын айтқан еді.