Forbes тізіміндегі кәсіпкерге тиесілі компания шығынға батқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактолр Ахтам Зиперов

2025 жылдың тоғыз айында «Аркада Индастри» компаниясы 131,9 миллион теңге шығынға батқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 271,7 миллион теңгемен салыстырғанда екі есеге аз. Компания Ақмола облысында қиыршық тас шығарады.

Компанияның қаржы есебіне сәйкес, кірісі 3,3 млрд теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен 12 пайызға жоғары. Ал сатылған өнімнің өзіндік құны 2,26 миллиард теңге болды.

Осылайша, жалпы пайда 1,05 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы 778 миллион теңгеден артты. Операциялық пайда да өсіп, 494,8 миллион теңге болды (өткен жылы – 293,5 миллион теңге).

Алайда қаржыландыру бойынша шығын (668 миллион теңге) қаржы табысынан әлдеқайда көп болғандықтан, компания жалпы шығынға батқан.

2025 жылдың 30 қыркүйегіндегі мәліметке сәйкес, компанияның жалпы активтері 7,15 миллиард теңгеге жетті, бұл өткен жылдың соңындағы 5,95 миллиард теңгеден 20 пайызға көп.

«Аркада Индастри» – 2000-жылы тіркелген компания. 50 пайыз үлесі «Arcada» ЖШС-на тиесілі болса, 40 пайызы «Negma» компаниясының иелігінде. Ал 10 пайыз акциясы Александр Игнатущенконың меншігінде.

«Аркада» ЖШС мен Negma ЖШС-ның құрылтайшысы – Алексей Нефедов. Ол Forbes журналының нұсқасы бойынша 2024 жылы Қазақстандағы ең ірі рентье кәсіпкерлердің рейтингінде 8-орынды иеленген. Нефедовтың компаниясы Астанадағы Asia Park сауда орталығын, сондай-ақ Алматыдағы Mart, Asia Park және Mart Village сауда және қаржы орталығын басқарады. 

Сондай-ақ оқыңыз