«Мұсылмандарда сирек кездеседі»: онкоуролог 50-дегі ер адамдарға кеңес берді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ер адамдарда урологиялық онкология ауру асқынған кезде ғана анықталады/фото: Серикжан Ковланбаев

Қазақстанда ер адамдар кіші дәретке жиі баруды қалыпты жағдай деп санайды. Себебін анықтау үшін дәрігерге жүгінбейді. Тіпті «онкология» сөзінен сескенеді. Алайда дәрет сындыру үшін түнде бірнеше рет ояну онкологияның алғашқы белгісі болуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың онкоурологы Шалқарбек Мұғалбеков айтты.

Сондай-ақ маман ер адамда тестостерон түсетін жағдай және мұсылмандарда сирек кездесетін урологиялық онкология түрлеріне тоқталды.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың онкоурологі Шалқарбек Мұғалбеков/фото: Серикжан Ковланбаев

Урология нені зерттейді?

Уролог ер адамдарда бүйрек, қуық, қуық асты безі, аталық без, жыныс мүшелерін зерттейді және емдейді. Әйелдерде бүйрек пен қуықты емдеумен айналысады.

20 жыл тәжірибесі бар маманның сөзінше, ер адам ауырса да, дәрігерге бармай шыдап жүреді. Салдарынан онкологиялық ауру асқынған кезде анықталады.

Қуық асты безі жас ұлғайған сайын өседі

Онкология қатерлі (злокачественная) және қатерлі емес (доброкачественная) деп екіге бөлінеді. Онкологияның 1-2 сатысында бүйрек, қуық, қуық асты безі ісігі білінбейді. Аадам ештеңе сезбейді. Тіпті бастапқы кезеңде ісікті анықтау да қиын. Адам ауруды сезген кезде 3-4 сатыға өтіп кетеді.

Тіпті қуық асты безі (простата) ұлғаюын қатерлі емес деп ойлайды.

«Қуық асты безі ісігінің алғашқы белгісі – кіші дәретке жиі шығу. Күндіз кіші дәретке жиі шығып, түнде де оянуға тура келеді. Кейін түнде 3-4 рет шығатын болады. Бір-екі жылда бұған да үйренеді, қалыпты жағдай деп санайды. Дәрет сындырған кезде қиналып, қан шығуы да мүмкін», – дейді маман.

Ісіктің нақты неден пайда болатыны анықталмаған. Көп жағдайда тұқым қуалайды. Ер адам салмақ тастап, белі ауырып жүрсе, дәрігерге қаралғаны жөн.

Фото: Серикжан Ковланбаев

Дәрігер 50 жастан асқан ер адамға ПСА (простатспецификалық антиген) онкомаркерін жылына бір рет тапсыруды ұсынады. Қандағы онкомаркердің орташа нормасы – 0-3,5 нг/мл. Егер бұл мөлшерден көп болса, алдымен урологқа бару керек. Науқасты қосымша тексеріп, әрі қарай ем тактикасын анықтау мақсатында онкоурологқа жібереді.

«Ісікті бастапқы сатыда анықтау арқылы өмірді ұзартуға болады. Қуық асты безі ісігіне операция жасалады, гормон, сәуле терапиясы да пайдаланылады», – дейді Шалқарбек Мұғалбеков.

Айта кетейік, қуық асты безінің ісігі – урологияда ең жиі кездесетін онкологиялық ауру.

Темекі тартқаннан пайда болатын ісік

Урологиялық онкология ішінде қуық обырының ғана неден пайда болатыны дәлелденген.

Никотин – темекі түтінінің ең қауіпті құрамдас бөлігі. Ғылыми зерттеулер никотин мен оның туындыларында екі жүзге жуық канцерогендік зат бар екенін дәлелдеген. Бұл заттар өкпе арқылы қанға өтеді де, ағзаның барлық мүшесіне тарайды. Мұндай әсер жасушалардың мутациясына және қатерлі ісік дамуына әкелуі мүмкін. Сондықтан никотин – қуық обырының негізгі қауіп факторларының бірі.

Қуыққа қатысты тағы бір жайт – адамның кіші дәретке шыға алмай қалуы. Яғни зәр шығару жолы бітеліп қалады. Мұндай жағдайда шұғыл операция жасалады.

Тестостерон екі есе түседі

Ер адамға ең қажет гормон – тестостерон. Ал тестостерон 95% аталық безге байланған. Урологиялық онкологияның бір түрі – аталық без обыры. Бұл ауру көп жағдайда жастарда кездеседі.

«30-40 жасқа толмаған ер адамдарда жиі кездеседі. Аталық без, яғни жұмыртқа іседі, қатаяды. Ісікті УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) жасап анықтайды. Жалғыз емі – операция және химиотерапия», – дейді Мұғалбеков.

Бір аталық бездегі ісік әрі қарай қан, лимфа топ арқылы бауыр не бүйректі зақымдайды. Тіпті сүйекке өтіп кетеді. Аталық без ісігі анықталған кезде дереу алып тастау керек.

Жыныстық қатынасқа әсері

Аталық безді алып тастау ер адамның жыныстық қатынасқа түсуін екі есе төмендетеді. Тестостерон да екі есе төмендеуі мүмкін.

«Бір аталық безді алып тастағанымен, екіншісі бар. 30-40 жастағы науқастарға операция жасалмаса, ісік ағзада тез тарайды. Бір жыл өмір сүре ме, сүрмей ме… жағдайы қиын болады. Ісіктің ағзаға тарау қаупі болса, тестостерон түседі-түспейді деп қарамаймыз, себебі өмір сүруі маңызды», – дейді маман.

Науқастың ұл-қызы болмаса, операциядан бұрын сперматозоидты арнайы банкке апару ұсынылады. Операциядан кейін кей жағдайда химиялық терапия қажет болады. Химиотерапия екінші аталық безге әсер етуі әбден мүмкін.

«Ер адам жақсы емделсе, сперматозоид орнына келуі мүмкін. Орнына келмеген жағдайда сақтап қойған сперматозоидты қолдана алады. Қазір ЭКО арқылы балалы болу мүмкіндігі бар.

Науқас 1-2 сатыда емделсе, одан кейін операцияға дейінгі өмірін жалғастыра алады. Ал 4-сатыда ісік ағзаға таралып кетеді. Оны емдеу өте қиын», – дейді Шалқарбек Мұғалбеков.

Фото: Серикжан Ковланбаев

Мұсылмандарда көп кездеспейтін обыр

Онкологияның сирек кездесетін түрі – ер адамның жыныс мүшесі обыры. Бұл сүндет терісінің жыныс мүшесіне жабысып қалуы (фимоз) салдарынан туатын ауру. Дәрігер сүндеттелген ер адамдардың бұл ауруға шалдыға бермейтінін айтты.

«Мұсылмандар баласын сүндетке отырғызады. Ал христиан дінінде мұндай жоқ, сүндет терісін кеспейді. Мұндай кісілер 70-тен асқан шағында жалғыз тұруы мүмкін. Осылайша жыныс мүшесіне жеткілікті деңгейде күтім жасай алмайды. Жыныс мүшесін дұрыстап жумағаннан созылмалы қабыну пайда болады. Яғни, сүндет терісі жабысып қалады. Созылмалы қабыну жыныс мүшесі ісігіне әкеледі», – дейді онкоуролог.

Фимоз сүндеттелмеген балаларда да кездеседі. Мұндай жағдайда медициналық көрсеткіштерге байланысты христиандар да баласын сүндеттейді.

Айта кетейік, елде бір жылда 41 318 адамнан қатерлі ісік анықталды.

Сондай-ақ оқыңыз