Аналар митингі: Қорғаныс министрлігі қандай сабақ алды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media

Парламент кулуарында журналистер әскерде қаза болған ұлдарын жоқтаған аналардың наразылығынан кейін Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиевке бірнеше сұрақ қойды.

Ахмадиев өзі жұмыс істейтін құзырлы органды қорғауға тырысты.

«Қорғаныс министрлігінің өкілдері сол күні (аналар наразылыққа шыққан күні) таңертеңнен кешке дейін болды. Сондықтан аналарды «министр қабылдамайды» немесе «ата-аналарды көргісі келмейді» деген түсініктер дұрыс емес. Сол себепті ақпаратты халыққа дұрыс жеткізейік», – дейді министрдің орынбасары.

Дархан Ахмадиев бұған дейін де ауқымды шаралар атқарылғанын айтады.

«Мемлекет басшысы Бас прокуратураға тапсырма берді. Біз сол әріптестерімізбен арнайы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Біздің тараптан не керек – барлық жұмыстар атқарылып жатыр», – дейді ол.

Казармадағы ақылды камералар

Ата-аналардың талабының бірі – казармадан бастап асханаға, оқу залдарына дейін бейнекамера орнату болған. Бұл талап жөнінде сұрақ қойылғанда, Ахмадиев камералар жасанды интеллектіге бейімделе орнатылатынын мәлімдеді.

«Үш-төрт адам жиналып, шұғыл әрекеттер жасалып жатса, камералар сигналдар береді. Ол сигналдар әскери бөлімшеге, кезекшіге, әскери полицияға бірден жетеді. Одан бөлек ЖИ көп мәселені шешіп жатыр. Кім бар, кім жоқ, қай техника орнында, қайсысы орнында емес, түтін бар ма, қарауыл ауыстырылса – соның бәрін бақылайды, ЖИ арқылы шешіледі. Бірақ қаражат мәселесі бар. Министр маған осы жүйені орнатсын деп тапсырма берді. Менің міндетім соны орнату. Қазір отандық компаниялар тегін техникаларын беріп жатыр. Бірақ енді тегін бермейді. Сол себепті қаржыландыру мәселесін шешіп жатырмыз», – деді ол.

10 қараша күні әскерде қаза тапқан және жараланған сарбаздардың аналары Астанада наразылық акциясын өткізген еді. Аналар өлімге апарып, мүгедектікті душар ететін армиядағы жайттарды ашық тергеуді, істерге қоғамдық бақылау жасап, тіпті әр казарма мен асханаға дейін бейнебақылау камераларын қоюды талап етті.

Сол күні кешқұрым президенттің өзі бұл іске байланысты прокурорларға пәрмен берген. Нақтырақ айтқанда, әскердегі ұлдары қаза болған ұлдарын жоқтаған, жараланған ұлдарына сұрау салған аналардың арызын қарап бітуге 12 күн берілді.

Сондай-ақ оқыңыз