Грузияда ұшақ апатынан қаза тапқан 20 түрік әскериінің 18-інің мәйіті табылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Екі әскери қызметкердің денесі әлі табылмай отыр / фото: report.az
Екі әскери қызметкердің денесі әлі табылмай отыр / фото: report.az

Грузия аумағында Түркия Әскери-әуе күштеріне тиесілі C-130 әскери көлік ұшағы апатқа ұшырады.

Қаза тапқан 20 түрік әскери қызметкерінің 18-інің денесі табылды.

Report агенттігінің ақпаратына қарағанда, бұл туралы Грузияның ішкі істер министрі Гела Геладзе мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, апат болған аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Себебі әлі екі әскери қызметкердің денесі табылған жоқ.

Геладзенің сөзінше, ол Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликаёймен тұрақты байланыста.

«Оқиға орнында түрік әріптестерімізбен бірге халықаралық тергеу тобы құрылды. Олар түні бойы апат орнында болып, тергеуге қатысып жатыр. Біз түрік тарапымен бірлесіп, оқиғаға қатысты мәліметтерді кезең-кезеңімен қоғамға ұсынамыз», – деді Геладзе.

Еске сала кетсек, 11 қарашада Әзербайжаннан Түркияға бағыт алған C-130 әскери ұшағы Грузия аумағында апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 20 әскери қызметші болған.

Мұның алдында апатқа ұшыраған ұшақтағылардың бәрі қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді.

Сондай-ақ оқыңыз