Михаил Саакашвили үш жыл емханада жатқаннан кейін, түрмеге қайтарылды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Михаил Саакашвили үш жыл емханадан жатқаннан кейін түрмеге қайтарылды
Михаил Саакашвили үш жыл емханадан жатқаннан кейін түрмеге қайтарылды / Reuters

Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили Тбилисидегі клиникадан шығарылып, жазасын өтеу үшін түрмеге қайтарылды. Осы елдің қылмыстық-атқару жүйесі қызметі саясаткердің денсаулығын «қанағаттанарлық» деп бағалады.

Михаил Саакашвили Тбилисидегі «Вивамеди» емханасында 2022 жылдан бері жатқан. Ол енді №12 түзеу мекемесіне (Рустави түрмесі) барады.

Саакашвилидің анасы Гиули Аласания қазір бұған қатысты нақты ақпараты жоқ екенін айтты.

«Мен ешнәрсе білмеймін, тек оны Руставиге ауыстырды деп естідім. Соңғы күндері оны ешкім қараған жоқ еді, білуімше. Денсаулығына қатысты қорытындыны кім жасағанын білмеймін», – деді ол журналистерге.

Саакашвили Грузияға қашан оралды

Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили 2021 жылғы 29 қыркүйекке қараған түні жасырын еліне оралған. Келген соң Facebook парақшасында бейнеүндеу жариялап, азаматтарды 2 қазанда өтетін сайлауда билеуші «Грузин арманы» партиясына қарсы дауыс беруге шақырған. Полиция мен арнайы қызмет 1 қазанда оның тұрған жерін анықтап, Тбилисидегі жүк көлігінің жүргізушісінің пәтерінен ұстап қамауға алды.

2021 жылдың қазанында түрмеде отырған Саакашвили 50 күн бойы аштық жариялады. Кейін жағдайы нашарлап, Горидегі әскери госпитальға емделуге жіберілген. Алайда 2022 жылғы 21 ақпанда түрмеге қайта оралған соң, тағы да 20 күндік аштық акциясын бастаған. 2022 жылғы 12 мамырда денсаулығының нашарлауына байланысты Тбилисидегі жеке «Вивамеди» клиникасына ауыстырылып, онда күзетпен жеке палатада жатты.

Саакашвили депутатты соққыға жықты, заңсыз кешірім берді деген айыптаулармен 6 жылға сотталған. Бұдан бөлек, 2025 жылғы 12 наурызда Тбилиси қалалық соты оны мемлекет бюджетінің 9 млн лариін (шамамен 3 млн еуро) ысырап еткені үшін 9 жылға бас бостандығынан айырды.

17 наурызда сол сот оны мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін тағы 4,5 жылға соттады. Жазаларды ішінара біріктіру нәтижесінде саясаткердің жалпы қамау мерзімі 12 жыл 6 айды болды.

Сондай-ақ оқыңыз