Кейінгі 5 жылда қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 10 есе өскен

Соңғы бес жылда елдегі қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 10 есе өскен. Ал төлемдердің 90%-ы онлайн форматта жүзеге асып отыр. Тек Ұлттық Банктің банкаралық жүйелері арқылы 1 квадриллион теңгеден астам операция өңделген. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Central Asia Fintech 2025 саммитінде айтты.
«Бүгінде банк шотын ашу, кредит алу, төлем жасау, ақша аудару сияқты негізгі қаржы қызметтері толықтай цифрлық форматта көрсетіледі. Ұлттық Банктің биометрияны сәйкестендіру сервисі ай сайын 4 миллионға жуық өтінішті өңдейді», – деді ол.
Сонымен қатар Сүлейменов цифрландырудың дамуымен қатар, киберқауіп пен онлайн-алаяқтықтың артып бара жатқанын айтып өтті. Ұлттық банк құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып құрған «Антифрод-орталығы» 3 млрд теңгеден астам қаражатты қорғап қалған.
Ұлттық банк алдағы уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және нарық өкілдерімен бірге цифрландыру стратегиясын қабылдамақ.
«Біз бөлек нарық құрғымыз келмейді. Мақсатымыз – цифрлық активтерді қазіргі қаржы жүйесіне біртіндеп енгізу. Ашықтық пен сенімділік сақталады», – деді Сүлейменов.
Цифрлық активтерді айналымға енгізу де негізгі бағыттардың бірі болмақ. Ұлттық банк жыл соңына дейін токенизация, цифрлық қаржы активтері және стейблкоиндар бойынша заңнамалық түзетулер қабылдауды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде реттеушінің сынақ алаңында 15 жоба сынақтан өтіп жатыр.