Франция – Украина, Ирландия – Португалия: ӘЧ іріктеу ойындарын қайдан көруге болады?

13 мен 14 қарашаға қараған түні футбол жанкүйерлерін нағыз тартысты түн күтеді. Еуропалық аймақтағы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің 5-турында Франция мен Украина, сондай-ақ Ирландия мен Португалия арасындағы ойындар өтеді.
Франция – Украина
Париждегі әйгілі «Парк де Пренс» стадионында өтетін орталық кездесу түнгі сағат 00:45-те (Астана уақытымен) басталады. Тікелей трансляцияны Qazsport арнасынан көруге болады. Бірінші айналымда Дидье Дешам шәкірттері Киевте Украинаны 2:0 есебімен тізе бүктірген еді. Қазір «үш түсті» команда 10 ұпай жинап, D тобында жеңіліссіз келе жатыр және көш бастап тұр.
Ребров баптайтын Украина құрамасы болса, 7 ұпаймен екінші орында. Соңғы ойындарда Исландияны (5:3) және Әзірбайжанды жеңіп, әлі де плей-оффсыз іріктеуден өтуге мүмкіндік сақтап отыр.
Ирландия – Португалия
Дублиндегі «Авива» аренасында өтетін бұл матч та 00:45-те басталады. Ойынның тікелей көрсетілімін Qazaqstan арнасы ұйымдастырады.
Қазан айында Криштиану Роналду бастаған Португалия Ирландияны 1:0 есебімен ұтқан болатын. Енді алаң иелері өз жанкүйерлері алдында жеңіске жетуге тырысады.
Португалия құрамасы төрт турдан кейін F тобында 10 ұпаймен көш бастап келеді. Команда 11 гол соғып, небәрі 4 доп өткізген. Ирландия 3-орында, Венгриямен бірге екінші орынға таласуда.
Айта кетейік, Әлем чемпионатына іріктеу ойындарына Қазақстан құрамасы да қатысып жатыр. Ұлттық құрама 15 қараша күні Астанада Бельгия құрамасымен кездеседі. Бұл ойынның алдында «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаевтың жарақаты бар екені анықталған еді.