Астана мен Бурабай арасында әуе рейсі қосылады

Астана мен Бурабай арасында әуе рейсі қосылуы мүмкін. Елорданы курорт аймағымен әуе бағыты арқылы байланыстыру жоспарланып отыр.
Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов брифингте мәлімдеді.
Tengrinews ақпаратынша, Шортанды-Бурабай курорттық аймағы облыстың туристік картасында ерекше орын алады. Наурыз айында 2029 жылға дейінгі даму жоспары бекітіліп, онда туристік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілген.
Сонымен қатар, әкім туристерге «жай ғана көл жағасындағы демалыстан бөлек әсер ұсынғымыз келеді» деп атап өтті. Осы мақсатта биыл Бурабайда тікұшақпен экскурсия іске қосылған.
Бұдан бөлек, шағын аэродром салып, Астанамен тікелей әуе рейсін ашу көзделіп отыр.
«Қазір Астанамен тікелей әуе қатынасын қамтамасыз ететін шағын аэродром ашу жобасы қарастырылып жатыр. Бұл жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді», – деді Ахметжанов.
Сондай-ақ брифинг барысында журналистер әкімнен Бурабайдағы демалыс қазақстандықтар үшін қашан қолжетімді болатынын сұрады. Аймақ басшысы бұл мәселе өзекті екенін және күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.
Айта кететін жайт, Қазақстан мен Финляндия арасында Бурабайдағы туризмді дамытуды көздейтін 15 келісімге қол қойылды.