Жетісайда мектептің едені шөгіп, қабырғасы жарылып кетті

Түркістан облысы Жетісай ауданында 10 мектеп жөндеу көрмей тұр. Мамандар ол мектептерде оқу қауіпті дейді. Ал жауапты орындар мәселенің шешілмеуін қаржы бөлінбеуімен байланыстырады.
Жетісай ауданы Көрікті ауылындағы 600 орындық №77 мектептің едені төрт елі шөгіп кеткен. Қабырғалары жарылғаннан арғы беті көрінеді. Төбесінен су кеткен. Мектептің салынғанына 12 жыл болған. Бірақ қазірдің өзінде бірінші қабаты сабақ өтуге жарамсыз деп танылған.
«Мына сыныптың ортасы қазандық сияқты. 30-35 см-ге ортасы кіріп кеткен. Бұл жерде оқушы қалай отырады? Тек бұл сыныпта емес, 1-қабаттың 90 пайызы осы күйде», – дейді ауыл тұрғыны Махамбет Қырбасов.

Тұрғындар «мектеп әу баста сапасыз салынды» деп налиды. Ал мектеп қызметкерлерінің сөзінше, қазір сынып бөлмелерінде сабақ өту адам өміріне қауіпті. Қабырғадағы жарық асхана, спорт зал және 8-сынып бөлмесінде пайда болған. Екі бөлмедегі еденге құйылған бетонды мектеп қызметкерлері бұзып жатыр. Өздері демеуші іздеп, жөндеу ниетте.

«3 жыл бұрын мектепке күрделі жөндеу жүргізуге ақша сұраттық. Бірақ ақша бөлінбеді. Сондықтан күдер үздік. Ағымдағы жөндеудің өзіне ақша бөлінбей қойды. Салдарынан осындай жағдайға жеттік», – дейді №77 мектеп директорының орынбасары Тұрысбек Апбазов.
Жергілікті бюджеттен жөндеуге қаражат бөлінбей жатқанына тұрғындармен бірге мектеп әкімшілігі де наразы. Мұны назарға алмаса жарылған қабырғалар оқушыларды басып қала ма деп алаңдайды.

«Жөндеу жұмыстары бойынша сметалық есептеме дайындалған. Құны 88 млн 378 мың теңге. Жоба облыстық білім басқармасына ұсынылды. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жөндеу жүретін болады», – дейді Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков.
Ресми мәлімет бойынша, Жетісай ауданында дәл осындай 10 мектеп бар. Адам өміріне қауіпті болса да мектептер қаражат жоқтығынан жөнделмей тұр.