Колониядағы той: қамауда отырған әйел өзінен 20 жас үлкен фельдшерге үйленді

Абай облысындағы әйелдер колониясында үйлену тойы өтті. Қамауда отырған 30 жастағы әйел 50 жастағы сүйіктісіне тұрмысқа шықты. Бұл туралы ІІМ сайты хабарлады.
Жас жұбайлар Астанада сот барысында танысқан. Істі қарап жатқан уақытта айыпталушы өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақыртылған. Көмекке келген фельдшер сол сәтте жас сотталушыға назар аударған. Содан кейін де байланысын үзбей, моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырған.
«Ол тергеу изоляторына барып, хат жазып, кеңес беріп, қиын сәттерде жанынан табылған. Уақыт өте келе олардың арасындағы байланыс шынайы сезімге ұласқан», – деп баяндады махаббат хикаясын polisia.kz.
Фельдшер сүйіктісіне өмірлік серік болуды ұсынып, неке қию туралы шешім қабылдаған. Күйеу жігіт екі айдан кейін-ақ артынан іздеп келген. Ол гүл мен үйлену көйлегін әкелген.
«Мекеме әкімшілігінің қолдауымен шағын, бірақ жүрек жылытқан салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Ерлі-зайыптылар неке жүзіктерімен алмасты», – деп сипатталған колониядағы үйлену тойы.
Шынайы сезім мен қуанышқа толы сәт жабық мекемедегілердің жүрегіне әсер етті. Сотталған әйел мұндай болады деп күтпегенін айтып, көзіне жас алды.
Полиция мәліметінше, әйел есірткіні заңсыз қолданғаны үшін үш жылға сотталған.