Астанада тұрғын үйде лифт құлап, бір адам көз жұмды

Астанадағы көпқабатты тұрғын үйде лифт құлап, бір адам көз жұмып, екеуі ауруханаға жеткізілді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, елордадағы «Арыстан» тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйдің лифті үзіліп, сол жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген бір адам көз жұмып, екі адам ауыр жарақат алған.
«Қайғылы оқиға Төлебаев көшесінде жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде болған. Тағы екі қызметкер №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген. Бір науқастың жағдайы – орташа ауыр, екіншісінікі – ауыр. Бірі анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде, екіншісі политравма бөлімінде жатыр. Оларға қажетті барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тұрғындар үйді салған компания мен әкімдікке наразылық білдірген. Олар бұған дейін лифтінің қауіпті екені екі жаққа да ескертілгенін, шағым жазылғанын, алайда ол шағымдар ескерусіз қалғанын айтады.