Шымкенттегі бассыздық: біреу аялдамаларды бүлдіріп, жарықшамдарды үзіп кетіп жүр

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Шымкентте аялдамаларды бүлдіру дерегі тоқтамай тұр. Әкімдік полицияға бұл туралы ақпарат берген. Әзірге тәртіп бұзушылар анықталмаған.

Шымкентте соңғы екі аптада тағы 75 аялдама бүлінді. Бірінің жарықшам желісін үзіп тастаса, бірінің әйнегін сындырып кеткен. Сондай-ақ бір аялдаманың атауы жыртылса, бірінің қоғамдық көліктердің жүру бағыты жазылған бағыттауышы жұлып алынған.
Бірақ оны кім, неге, қандай мақсатта жасағаны белгісіз.

«Жаңа аялдамаларға қоғамдық көліктердің бағыттаушын орнатқан едік. Осының өзін жұлып, жыртып тастап жатыр. Ең көбі жарықшамдар желісін үзіп кету дерегі. Ертеңгі күні мұғың арты қайғылы оқиғаларға алып келуі мүмкін. Мысалы, электр желісін үзеді. Онысы темірге тиеді. Қалада кешқұрым жарықшамдар қосылады. Темір электр қуатын сақтамайды. Сол кезде аялдамада тұрған жолаушыларды тоқ ұруы мүмкін», – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Ердәуіт Әсілбек.

Бұл туралы қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен жиында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те сөз етті. Оның пікірінше, бұл қаскүнемдік, қасақана жасалған әрекет. Себебі аялдамаларды жарықтандыру жұмысы халыққа қолайлы, әрі ыңғайлы болуы үшін жасалып жатыр.

«Аялдамадағы жарық желілерін қырқу, ортақ мүлікке зиян келтіру сияқты вандализм фактілері жиілеп тұр. Жыл басынан бері 175 аялдаманың жарықшамдары зақымданды. Тоқ көзінен кесілді. Қайта қалпына келтіргеніміз сол еді, тағы 70 аялдаманы тоқ көзінен ажыратып кетті. Біз енді бұл істі полиция департаментіне жолдадық», – деді қала әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, аялдамаларды жарықтандыру ісі 2024 жылы қолға алынған. Өткен жылмен қосқанда қаладағы 1400-ге жуық аялдамаға жарық тартылып, атаулары орнатылған. Жалпы қалада 6 мыңнан аса аялдама бар.

Сондай-ақ оқыңыз