Жыл сайын 9%: Қырғызстан экономикасының өсімі Қазақстаннан асып түсті

2025 жылы Қырғызстан экономикасының өсу қарқыны 10%-ды құрады. Кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 9%-дан түспеген. Қырғызстан Ұлттық банкінің төрағасы Мелис Тұрғынбаев бұл деректі Қаржыгерлер конгресінің пленарлық отырысында айтты.
«Сыртқы экономикалық қиындықтар біздің экономиканы дамытуға серпін берді. Біз жағдайға бейімделдік, сондықтан кейінгі үш жылда экономикалық өсім 9%-дан төмен болмады. Биылға дейін өсім 10%-ды құрап отыр, әрі одан да жоғары көрсеткішке үміттіміз», – деді Тұрғынбаев.
Сонымен қатар, қырғыз орталық банкінің төрағасы инфляция деңгейіне де тоқталды. Оның айтуынша биыл қырғыз Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені екі рет көтерген. Ол қазір 10%-ды құрайды. Ал жылдық инфляция 8,9%.
Қырғызстан экономикасының құрылымы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұрын еңбек мигранттарының көпшілігі Ресейге жұмысқа кетіп, тапқан ақшасын отанына жіберетін болса, былтыр бұл үрдіс өзгеріп, қырғыздар еліне орала бастаған.
Мелис Тұрғынбаевтың айтуынша, Қырғызстан қазіргі кезде құрылыс саласы мен жеңіл өнеркәсіпке жұмыс күшін белсенді тартып отыр, бұл ішкі еңбек нарығының тартымдылығын арттырады. Соңғы жылы елге түсетін ақша аударымдарының көлемі 2,5–3 млрд долларды құрайды.
Бұл ретте Ораз Жандосов «Қырғызстан базалық мөлшелемені төмен ұстап отыр, олардан үйренуіміз керек» деп атап өтті.
Айта кетейік, Алматыда Қаржыгерлер конгресі 13-рет өтіп жатыр. Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ел экономикасы өссе де, халықтың табысы неге артпай жатқанын түсіндірген.