«Бұл – популистік ұсыныс»: Шаяхметова картадағы ақшаға сыйақы төлеуге неге қарсы

Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова азаматтардың картасында жатқан ақшаға пайыз есептеу мәселесін қайта көтеру – «популистік ұсыныс» деп тұжырымдайды. Оның сөзінше, мұндай тәжірибе бұған дейін банктер мен мемлекеттік компаниялар үшін үлкен тәуекел туғызып, қаржы шығынына әкеп соққан. Бұл туралы ол Kursiv.Media тілшісіне Қазақстан қаржыгерлерінің XIII Конгресі кулуарында айтты.
Шаяхметованың айтуынша, ағымдағы шоттар мен депозиттік шоттар арасында нақты реттеу бар. Заңнамаға сәйкес, 2018 жылдан ағымдағы шоттарға пайыз есептелмейді. Бұл шешім арнайы қабылданған, себебі банктер ағымдағы шоттағы ақшаға пайыз төлеген кезде, көптеген коммерциялық және квазимемлекеттік компаниялар депозит ашпай, қаражатты ағымдағы шотта қалдырып, сол үшін пайыз алып отырған.
Кейін кейбір банктер банкрот болған кезде, мемлекеттік компаниялар сол шоттардағы қаражатынан айырылып қалған.
Ағымдағы шотта қысқа мерзімді ақша жатыр
Шаяхметова ағымдағы шоттардағы қаражаттың табиғаты өте қысқа мерзімді екенін атап өтті: ақша бүгін түсіп, ертең, болмаса бірнеше сағаттан кейін-ақ жұмсалып кетеді. Қазіргі цифрлық сервистер жеке тұлғаларға қаражатты бір минуттың ішінде депозитке аударуға мүмкіндік береді.
Сондықтан халықтың картасында такси мен дүкен, күнделікті шығынға керек ақша ғана қалады. Банкирдің айтуынша, картадағы қомақты қаржы қомақты көрінгенмен, әр клиентке есептегенде, ақша мардымсыз болады.
«Банк үшін мұндай қаражат ұзақ мерзімді табыс әкелмейді, себебі ол өтімділігі қысқа мерзімді актив ретінде ұсталады және кредит ретінде берілмейді», – дейді Үміт Болатханқызы.
Банктердің тәуекелге бармауының себебі неде?
Шаяхметованың түсіндіруінше, ағымдағы шоттардағы «айналмалы» қаражатты банктер ұзақ мерзімге пайдалана алмайды. Өйткені клиент оны кез келген сәтте шығарып алуы мүмкін. Банктер мұндай қаражат бойынша басқа реттеу талаптарын орындау керек, сондықтан бұл ақша табыс әкелмейді.
Спикердің пікірінше, ағымдағы шоттарға пайыз төлеуді қайта енгізуді сұрау – популистік қадам. Ол мұндай тәжірибенің бұрын банктерге де, мемлекеттік компанияларға да жоғары тәуекелдер әкелгенін еске салды.
«Бұл – популизм. Мұны қайта талқылау үшін нақты есеп-қисап жасау керек. Біз бұл кезеңнен өттік, ол банк секторы үшін үлкен тәуекелдерге алып келді», — деді.
5 қарашада «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы Мәжілісте талқыланған. Сол жиында депутат Ерлан Саиров 5 жылда банктер қазақстандықтардың картасында жатқан ақшаның есебінен 4 трлн теңге таза пайда тапты деп мәлімдеді. Мәжілісмен мұны «мемлекеттің банктерге жасаған сыйы» деп атап, ағымдағы шотта жатқан қаржыға қайтадан сыйақы төлеуді енгізуді ұсынды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова депутатттың бұл ұсынысына екіұшты жауап берген. Тек сыйақы төленетін болса да ол депозиттің пайызынан бірнеше есе аз болатынын айтты.