Алматы мен Шымкент арасындағы төрт жолақты күре жол толық іске қосылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Аталған жолдың іске қосылуымен магистралді жаңарту толығымен аяқталды / фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Аталған жолдың іске қосылуымен магистралді жаңарту толығымен аяқталды / фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Алматы облысында 42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» жолының ашылуы өтті.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, аталған жолдың іске қосылуымен магистральды жаңарту толығымен аяқталды. Енді Алматыдан Шымкентке дейінгі жол толық төрт жолақты болып, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы болмақ.

Ашылу салтанатына ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев және өңір ақсақалдары қатысты. Рәсімде қозғалысты бастау батырмасы басылып, жаңа жол арқылы алғашқы болып 15 көліктен тұратын автоколонна жүріп өтті.

«Биыл біз ел бойынша 13 мың шақырым жолда жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу арқылы рекордтық нәтижеге қол жеткіздік. Бұл – Мемлекет басшысының қолдауы мен жол саласының қызметкерлерінің күнделікті атқарып жүрген ерен еңбегінің арқасы. Олар азаматтар үшін қауіпсіз, әрі ыңғайлы жолдар салып, өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуда», – деді іс-шара барысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Сонымен қатар жолды ашу салтанатының аясында жобаны іске асыруға ерекше үлес қосқан жұмысшылар марапатталды. Оларға ведомстволық медальдар, алғыс хаттар және Көлік министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.

Айта кететін жайт, Қазақстан мен Қытай автотасымалдарға рұқсат беру бойынша шектеусіз жүйеге көшуге келісті.

Сондай-ақ оқыңыз