Алматы қаласындағы қазақ мектебіне оқушы сыймай жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицей
Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицей Самал-2 ықшамауданында орналасқан / фото: yandex.kz

Алматы қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицей кеңейтіледі. Қазақ мектебі аумағында 300 орындық жаңа үш қабатты ғимарат салынады. Бұл туралы қала әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мектеп ғимаратының сыйымдылығы 940 орын, бірақ мұнда 2 200-ден астам бала білім алып жүр. Мектеп-лицей Самал-2 ықшамауданында, Әл-Фараби және Достық даңғылдарының қиылысына жақын маңда орналасқан.

«Самал шағынауданы қарқынды дамып келеді. Сонымен бірге мұнда оқушы көбейді. Ата-аналар бірнеше рет әкімдікке жүгінген. Енді кеңейту жобасы ресми түрде іске қосылды», – деп хабарлады әкімдік.

Құрылыс жұмыстары, қауіпсіздік нормасын сақтай отырып, сабақтан тыс уақытта жүргізіледі. Құрылыс аумағы қоршалып, кіру шектеледі. Мектеп ауласына техника тек демалыс күндері кіріп-шыға алады.

Оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғимаратқа Снегина, Меңдіқұлов көшелері мен Достық даңғылы жағынан кіруге болады. Мұнда ескерту белгілері мен бағдарлау сызбалары орнатылады.

Жаңа ғимарат 2026 жылғы желтоқсанда пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз