Трамп қымбатшылықтан кейін бірқатар өнімге салынған кедендік бажды жойды

АҚШ президенті Дональд Трамп 200-ден астам тауарға, соның ішінде негізгі азық-түлік өнімдеріне бұрын енгізілген жоғары тарифтерді жойды. Мұндай шешім елдегі азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты қабылданған.
DW агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп құрамына кофе, сиыр еті, банан және апельсин шырыны кіретін 200-ден астам азық-түлік өніміне салынған жоғары кедендік баждарды алып тастады. Тиісті жарлық жұма күні Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
Америкалықтар неге алаңдайды
Reuters агенттігі хабарлауынша, бұл шешім АҚШ-та азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты тұрғындар арасында алаңдаушылығынан кейін күшіне енді. Кедендік тарифтерді жою Трамп әкімшілігінің саяси бағытының айтарлықтай өзгергенін көрсетеді.
14 қарашада Air Force One президенттік ұшағында журналистер сұрағына жауап берген Дональд Трамп баждардың «жекелеген жағдайларда» бағаның өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін мойындады. Дегенмен, оның айтуынша, АҚШ-та «инфляция жоқтың қасы».
Сондай-ақ Ақ үй басшысы жоғары тарифтерден түскен қаражат есебінен келесі жылы табысы төмен және орташа деңгейдегі әрбір америкалыққа 2000 доллар төлеу жоспары сақталатынын айтты.