Қазақстанда онкологиялық көмекке бөлінген қаржы 6 есе артты

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығын және Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығын аралап, Президенттің медицинада заманауи технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
ҰҒОО – Қазақстандағы радиациялық онкология бойынша көшбасшы орталық. Мұнда жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен жедел ота жасау, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін ағзалар мен сүйек кемігін трансплантациялау сынды ем-шаралар жүзеге асырылады.
Соңғы үш жылда онкологиялық көмекті қаржыландыру көлемі 6 есе артқан. Бюджеттен жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.
«Пациенттерге барлық онкологиялық көмек тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ақысыз көрсетіледі. Аталған мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Онкологиялық көмекке арналған бюджет көлемі соңғы 3 жылда 6 есеге ұлғайды, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, заманауи жабдықтармен жарақтандыру шығындары да бар», – делінген ақпаратта.
Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздің барлық өңірінен келген онкопациенттерге озық емдеу әдістерінің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Қазақстанда ядролық медицинаны одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасауды тапсырды.
Айта кетейік, осыған дейін биыл 1 қазаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық науқастар үшін өмірлі маңызды ем саналатын томотерапияны жоғары технологиялық қызметтер тізімінен алып тастағаны жайлы хабарланған. Ал Үкіметтегі баспасөз мәслихатында министрлік томотерапияны тізімнен алып тастау себебін түсіндірген еді.
Сондай-ақ Қарағанды облысында онкологиялық ауруды ерте анықтайтын ядролық диагностика орталығы салынатыны жайлы жазғанбыз.