Toyota Land Cruiser-дің бұрын-соңды болмаған моделін дайындап жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Land Cruiser Pickup-тың сериялық өндірісі 2027 жылға жоспарланған / Фото: BestCarWeb

Toyota автоконцерні Land Cruiser тарихындағы ең ерекше нұсқасын дайындап жатыр. Жапон инсайдерлерінің мәліметінше, компания Land Cruiser Pickup деп аталатын жаңа пикап үлгісін қолға алған. Бұл модель Toyota-ның осыған дейінгі жол талғамайтын көліктеріне мүлде ұқсамайтын болады.

BestCarWeb порталының хабарлауынша, жаңа пикап туралы ақпарат Land Cruiser FJ таныстырылымынан кейін белгілі болды. Дәл осы жаңа пикап Land Cruiser топтамасында төртінші негізгі үлгі болмақ.

Қазіргі таңда Land Cruiser модель қатарына рамалық құрылымға негізделген үш үлгі — Land Cruiser 300, Land Cruiser 70 және Land Cruiser 250 кіреді. Алайда алдағы жаңа модель мүлде басқа дизайнда болады.

Жаңа Land Cruiser Pickup тұтас шанақпен шығарылады. Бұл шешім бірқатар артықшылық береді:

  • салон ішінде кеңістік артады
  • жүк салғышы кең әрі ойластырылған болады
  • екінші қатардағы жолаушылар үшін жайлылық деңгейі кроссоверлермен салыстыруға келеді

Toyota жаңа Land Cruiser Pickup моделін үш түрлі күш қондырғысымен ұсынбақ:

  • толық электрлі e-TNGA платформасында;
  • гибридті;
  • қуатталатын гибридті, 2026 жылғы жаңа Lexus ES үлгісінде қолданылатын жүйе негізінде.

Бұл Toyota-ның экологиялық талаптары әртүрлі нарықтарға бейімделіп, Land Cruiser-ді кеңірек ауқымда ұсынуға ниетті екенін көрсетеді.

Жаңа модель қашан шығады

Land Cruiser Pickup-тың сериялық өндірісі 2027 жылға жоспарланған. Жаңа пикап жол талғамайтын мүмкіндіктермен қатар жайлылық пен технологияны жоғары бағалайтын жүргізушілерге арналған.

Айта кетейік, Қазақстан Toyota Land Cruiser 250 және Cadillac Escalade модельдерін сату бойынша да әлемнің үздік ондығына кірді.

Сондай-ақ оқыңыз