«Тойхана» мектеп болып шықты: Бектенов білім саласындағы былықты сынады

Жарияланды 17 Қараша 2025 14:49

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
премьер-министр үкімет басшысы Олжас Бектенов жиналыс
фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет басшысы Олжас Бектенов елдегі жеке мектептерді тексеру барысында заңбұзушылық анықталғанын айтып, білім жүйесін реттеуді тапсырды. Премьердің мәлімдеуінше, бала біліміне бөлінген бірде-бір тиын шенеунік қалтасына түсіп кетпеуі тиіс.

«Білім саласында заңсыз индустрия қалыптасты»

17 қарашада үкіметте өткен жиналыста білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды. Әсіресе, жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге баса назар аударылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов осы саладағы олқылықтар туралы айтты.

«Жүргізілген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Шындығында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отырмыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты», – дейді үкімет басшысы.

Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту министрі
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова / фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер саланы реттеуді екі министрге тапсырды.

«Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігіне алдағы қаржыландыру жылынан бастап аталған салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Мемлекеттің бірде-бір теңгесі нарықтағы әлдебіреулер мен шенеуніктер қалтасына түсіп, ысырап болмауы тиіс», – деп атап өтті Бектенов.

Мақтааралдағы мектеп «тойхана» деп көрсетілген

Бұған дейін мемлекеттік білім беру тапсырысының қаражатын бөлетін «Қаржы орталығы» кәсіпорыны Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген. Қаржы министрі Мәди Такиев осы салада атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

«Министрлік жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес».

Министрліктің мәліметінше, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген.

64 мектепте оқушы саны екі есе артық. Мысалы, Алматы облысында 60 адамға есептелген жеке мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған. Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жеке мектептің құжатында 1003 адам көрсетілген.

«Жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды», – деп таратты үкіметтің баспасөз қызметі.

Қазір жеке мектептердің 86%-ы келісімге қол қойды. Жиналыста биыл көрсетілген қызметтер үшін мектептерге төлем жасалатыны айтылды. 2026 жылғы қаңтардан бастап мұндағы қызмет жаңа ақпараттық жүйемен қатаң реттеледі.

Үкіметтегі жиналыс аяғында премьер-министр бірнеше министрге, сонымен бірге өңірлердің әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін Kursiv.Media елдегі жеке мектептер мәселесін жиі көтеріп, ұстаздар екі жыл бұрынғы айлығын толық ала алмай жүргенін жазған.

2025 жылғы қыркүйектің аяғында Ғани Бейсембаевты Оқу-ағарту министрі қызметінен алар қарсаңында өңірлердегі ұстаздар Астанаға барып, Ақорда алдында ереуіл өткізбек болған.

Сондай-ақ оқыңыз