Нәжімеденов: «Майкамен отырған адам – демократияның белгісі»

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжімеденов әлеуметтік желіде қызықты видеоны бөлісті.
Депутаттың айтуынша, осы аптада Құрылыс кодексі бойынша жұмыс тобының отырысында бір қызық жайтқа көзі түскен. Талқылау кезінде жұмыс тобына қосылған сарапшылардың бірі онлайн жиналыста майкамен отырған, қолында тамағы мен сусыны бар.
«Бір сәт ойланып қалдым. Бұл – тәртіпсіздік емес, қолжетімділіктің белгісі. Бұрын мұндайға ешқашан куә болмағанмын. Салада тәжірибем бола да, заң талқылауына дәл осылай еркін қатысу мүмкін емес еді. Ал қазір біз қандай форматта жиналсақ та, кәсіби орта өкілдері дәл сол уақытта пікірін қоса алады. Кім кеңседе, кім жолда, кім үйде – бәрібір. Ең бастысы – қатыса алады», – дейді депутат.
Нәжімеденов мұндай жағдайды Мәжіліс жұмысының ашықтығы мен демократияның белгісі деп бағалады.
«Бұл – Мәжілістің ашық, қолжетімді және шын мәнінде демократиялық жұмыс жүргізіп жатқандығының нақты дәлелі. Біз заңды кабинетте емес, саланың мамандарымен бірге, ашық талқылап, айтысып, дәлелдеп жасап отырмыз. Шынымды айтсам, назарымды аудармай қала алмадым», – деп жазды ол.
Депутаттың сөзінше, видеоны өзі түсіріп алған, себебі бұл бүгінгі реформалардың мәнін көрсететін ерекше сәт.
Айта кетейік, осыған дейін Құрылыс кодексін әзірлеуге қанша қаржы жұмсалғаны жайлы жазған едік.