Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді. Мұның алдында Ақордада Эстония Президенті Алар Каристы салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Бұдан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды.
«Президент мырза, Сізді елімізде мемлекеттік сапармен қарсы алғаныма қуаныштымын. Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біз эстон халқының тарихына, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қараймыз. Екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміз арасында түйткілді мәселе жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президентінің пікірінше, екі ал арасындағы өзара ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Оны ілгерілетуге күш салу қажет.
«Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін. Сауда саласында түрлі кедергілер бар екенін білеміз. Бірақ бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға жылжып келеді. Қазақстан Эстонияның теңіз порттарын пайдалануға, сауда-саттық көлемін арттыруға ниетті», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, екі ел халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ықпалдастықты өрістетуге мүдделі. Осы сапардың нәтижесінде мәдени байланыстар да өркендей түседі деп сенім білдірді.
Эстония президенті Алар Карис екі ел арасындағы қарым-қатынас өте жақсы деңгейде екенін мәлімдеді. Кейбір кедергілер болса да, оны еңсеруге болады.
«Кейде біз түйткілдердің оңай шешілетінін аңғара бермейміз. Бизнес өкілдері қазірдің өзінде іскерлік қатынастар мәселесін талқылап жатыр. Бірнеше кездесу жоспарланған. Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылмақ, бірқатар бастамаларды іске асыратын боламыз. Сондықтан келешегіміз жарқын екеніне сенімдімін», – деді Эстония басшысы.
Ол жаңа байланыстар өзара ынтымақтастықты нығайтуға көмектесетінін айтты. Сонымен қатар, әлемдегі тұрақсыз геосаяси ахуалға тоқтала кетті.
«Дегенмен барлық проблеманы бірлесіп шешуіміз керек. Сіз БҰҰ туралы айттыңыз. Бұл – өте маңызды ұйым. Әлемде қақтығыстар мен соғыстар мейлінше аз болуы үшін ұйымға біршама реформа жасау қажет», – деді Алар Карис.
Айта кететін жайт, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары барысында екі елдің арасында 1 миллиардтан аса қаржыға бірлескен жобалар бойынша келісімдер жасалды.