Эстония Қазақстанға 128 миллион доллардан астам инвестиция құйған

Эстония 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына тікелей 128 миллион доллар инвестиция құйған. Бұл туралы Ақордада өткен кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Айта кетейік, бүгін Астанаға ресми сапармен Эстония президенті Алар Карис келді.
Тоқаевтың сөзінше, қазір Қазақстанда 80-нен астам эстониялық компания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) және цифрлық сервис (Bolt) салаларында табысты жұмыс істеуде. Ал бүгінгі Таллиннен келген үлкен іскерлік делигация екі елдің серіктестігін одан әрі нығайта түспек.
Өз кезегінде Эстония президенті Алар Карис Орталық Азиядағы Эстонияның ең маңызды серіктесі Қазақстан екенін баса айтты.
«Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-делегациямыздың құрамында 40 компания бар. Олар логистика, транзит, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ білім және ғылым салаларында қызмет көрсетеді», – деді Алар Карис.
Оның айтуынша, Эстония ЕуроОдақтың Global Gateway жобасы аясында көлік және өңіраралық байланыс саласында Қазақстанмен қатынасты нығайтуға ниетті.