Тоқаев Өзбекстан президентіне алғыс айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиевке алғыс айтып, арнайы хат жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорда ақпаратына сүйенсек, Тоқаев Мирзиёевке 14-16 қараша күндері Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында Қазақстан делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс айтқан.
«Президент хатта екі елдің стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастарын нығайтуға тың серпін берген бұл сапардың тарихи мәніне тоқталған. Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентте ұйымдастырылған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне жоғары баға берді», – делінген Ақорда хабарламасында.
Тоқаевтың сөзінше, өңірлік ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша өрбіген мазмұнды пікірталастар, қабылданған маңызды шешімдер мен құжаттар, сондай-ақ диалогқа Әзербайжанның толық құқылы мүше ретінде қосылуы форумның стратегиялық сипатын арттыра түсті.