Қазақстанда жұмыс істейтін Қытай азаматтары көбейді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда келіп жұмыс істеп жүргкн қытайлықтар саны 5 мыңнан асты / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанға келіп жұмыс істейтін шетелдіктер көбейіп жатыр. 1 қарашадағы есеп бойынша, елде 14 463 шетел азаматы жұмыс істеп жүр. Олардың дені – қытайлықтар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, еңбек мигранттары келетін негізгі елдер мыналар: Қытай – 5 405  адам, Өзбекстан – 2 455 адам, Түркия – 1 042 адам, Үндістан – 1 012 адам.

Шетел азаматтары қай салада жұмыс істейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сенсек, олардың көпшілігі (4 908) құрылыс саласында еңбек етеді. Одан кейін ауыл, орман және балық шаруашылығында (2 808), тау-кен өнеркәсібінде (1 173 ), өңдеу өнеркәсібінде (1 105 ) шетелдік жұмысшылардың үлесі көп.

Шетелдіктерге қанша квота бөлінген?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді. 2025 жылы 14,8 мың шетелдік маманға квота берілген. Бұл елдегі жалпы жұмыс күшінің 0,2%-ын құрайды. Бірақ наурыздан бері жергілікті атқарушы органдарының өтінімі бойынша, бұл квота 16,5 мыңға дейін ұлғайтылды.

Ал тамыздан бастап министр бұйрығымен шетелдік жұмысшыларға бөлінетін квота 19,4 мыңға дейін тағы да көбейді.

Қазір ел бойынша 1857 мекеме шетелдік жұмысшылардың жұмыс күшін пайдаланады. Олардың барлығында 335 мыңнан аса Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды.

Тамыз айында Қазақстанға келіп еңбек етіп жүрген шетел азаматтарының саны 14 130-ды құраған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз