Алматы-1 вокзалында демалыс капсуласы бар қонақүй ашылады

Алматы–1 теміржол вокзалында демалыс капсуласы бар қонақүй ашылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
18 қарашада қала әкімі Дархан Сатыбалды «Алматы–1» теміржол вокзалындағы құрылыс барысын тексерді. Әкім 1974 жылы салынған ғимараттың тарихи сәулеттік келбетін сақтай отырып жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
«Вокзал аумағында визит-орталық, музейлік экспозиция және демалыс капсуласы бар қонақүй ашу жоспарланған», – деп таратты әкімдік.
Сатыбалды жобаны қала тұрғындары мен қонақтары үшін барынша жайлы, қауіпсіз етіп дайындау маңызды екенін атап өтті. Бұған қоса, әкім құрылыс мерзімі мен сапасын қатаң сақтау қажеттігін, сапасыз жұмыс үшін қатаң жауапкершілік барын ескертті.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана елдегі вокзалдар мәселесі үкіметтегі жиналыста талқыланған. Сол кезде көлік вице-министрі Алматы-1 вокзалын жөндеу бар болғаны 5%-ға ғана орындалғанын айтқан. Жиналыс соңында премьер-министр Олжас Бектенов мұны «әкімдік жұмысындағы олқылық» деп сипаттап, «бірінші басшылар тікелей жауапты болатынын» ескерткен.
2025 жылғы жазда Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары «Қазақстан темір жолы» басқаруына өткен. Сол кезде ұлттық компания екі нысанды да жаңалайтынын мәлімдеген.