Жетісайдағы өртенген үйде аман қалған үш адам Астанаға жеткізілуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қажет болса, науқастарды Астанаға апарып, емдеуге де мүмкіндік қарастырылу үстінде /фото: shutterstock
фото: shutterstock

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Жетісайға қарып, қайғылы оқиға сөңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

«Бүгін түнде қайғылы жағдай болды. Бір үй өртеніп кетті. Бір отбасында он екі адам қаза болды. Оның ішінде тоғызы – кәмелет жасына толмаған балалар. 5.38-де өрт сөндіру бөліміне хабарлама келді. Өрт сөндіру қызметкерлері тиісті шараларды жасап, жұмыс істеді. Үш адам аман қалды», – деді ол.

Оның айтуынша, үшеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Қажет болса, науқастарды Астанаға апарып, емдеуге де мүмкіндік қарастырылып жатыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, үкіметтік комиссия құрылып, құзырлы органдар тергеу жасап, өрттің не себептен болғанын анықтап жатыр. Жерлеу рәсімдеріне әкімшілік тарапынан көмек көрсетіп отыр. Оның ішінде психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек те бар. Әлі де көрсетеміз», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, қазіргі кезде оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Газ қазандықтары үйдің сырттында орналасқандықтан, өртке газдың қатысы болмауы мүмкін. Десе де, нақты қорытындыны мамандар жасайды.

Зұлпыхар Жолдасов жеті адамның жаназа рәсімі болғанын айтты. Тағы да қалған марқұмдардың жаназасына дайындық жасалып жатыр.  

Қайғылы оқиға болған жердің маңайын қоршап тастаған, бейсауат адамды жақындатпайды.

Сондай-ақ оқыңыз