Астанада енді жекеменшік мектеп оқушылары да қоғамдық көлікте тегін жүре алады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Өзгеріс Астана қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында қабылданды/фото: shutterstock

Астанада енді жекеменшік мектепте оқитын балалар да қоғамдық көлікте тегін қатынай алады. Бұл туралы елорданың білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты.

Өзгеріс Астана қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында қабылданды.

Басқарма басшысының айтуынша, бұған дейін мемлекеттік мектепте оқитын балалар ғана қоғамдық көлікте жеңілдік карталарын пайдаланған. Жекеменшік мектептерде оқитын балалар қарастырылмаған.

Енді құжаттан «жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын» деген тіркес алынып тасталды. Жеңілдік мемлекеттік немесе жекеменшік мектепте оқығанына қарамастан барлық оқушыға қолданылады.

Тағы бір өзгеріс жол жүру картасын жеңілдікпен қолдана алатындардың жасына қатысты болды. Бұған дейін жеңілдік тек қана 7-18 жасқа дейін деп анықталған. Енді «кәмелет жасына толмағандарға» деп қолданылады.

Үшінші өзгеріс 18 жастан асқан білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты. Енді жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қоғамдық көлік карталарын жыл он екі ай қолдана алады. Бұған дейін маусымнан тамыз айына дейін қолдана алмаған.

Сондай-ақ оқыңыз