Қазақстанға ұтылған Кюрасао әлем чемпионатына жолдама алды

Кариб теңізінің оңтүстігінде, Венесуэланың жағалауында орналасқан кішкентай ғана Кюрасао аралы футбол әлемінде үлкен сенсация жасады. Небәрі 150 мыңға жуық халқы бар мемлекет әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен өтіп, тарихта ең кішкентай ел ретінде ЧМ-2026 жарысына жолдама алды. Бұған дейін бұл рекорд Исландия (334 мың адам) еліне тиесілі еді.
Еске сала кетейік, Кюрасао құрамасы сәуір айында Қазақстанмен Түркияда жолдастық кездесу өткізген. Сол кезде Дик Адвокат баптаған команда Қазақстан құрамасына 0:2 есебімен жеңілген болатын.
Сондай-ақ «Қайраттың» жас дарыны Дастан Сәтбаев дәл осы Кюрасаоға қарсы дебюттік матчын өткізіп, ұлттық құрама сапында рекорд орнатқан еді.
Ал 18 қарашада Адвокат шәкірттері Солтүстік Америка аймағының «B» тобында іріктеуді жеңіп, тарихи жолдама алды.
Кюрасао – Нидерланд корольдігінің тәуелді аймағы, аумағы 444 км², халқы 154 843 адам. Астанасы және ірі қаласы – Виллемстад. 2010 жылдан бері арал Нидерланд корольдігінің құрамында.
Қазақстан құрамасы болса, Хорватияда Фарер аралдарына қарсы өткізген жолдастық ойында 0:1 есебімен жеңілді.