Ақтөбедегі 35 мың адам сиятын стадионның жобасы Ресейден көшірілді ме – әкім жауабы

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе футбол клубын кәсіпкер Нұрлан Артықбаевтың иелігіне беру мәселесі қалай жүріп жатқанын айтты.
Аймақ басшысының сөзінше, жекешелендіру процесі екі айға дейін созылуы мүмкін.
«Біз осы мәселені шешуге кірісіп кеттік, себебі жекешелендіру мәселесі тікелей Президенттің тапсырмасы. Қазіргі таңда біздің клубымызға қызығушылық танытып, өз үлесімді қосамын деген кәсіпкер анықталды. Бір-екі айдың көлемінде жекешелендіруді толық аяқтаймыз деп ойлаймын«, – деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында.
«Ақтөбе» ФК-ға қанша қаржы қажет
Аймақ басшысы футбол клубын дамытуға қанша қаржы қажет болатынын нақты айтпады. «Оны кәсіпкердің өзі шешеді» деп қысқа қайырды.
Әкімдік Артықбаевқа футбол клубын қаншаға сатты
Облыс әкімі клубтың баланстық құны 200 млн теңге деп бағаланып отырғанын айтады.
Ақтөбеде салынатын стадионның сәулеті Ресейден көшірілген бе
Айта кетейік, Ақтөбеде 35 мың орындық заманауи футбол стадионы салынады. БАҚ өкілі облыс басшысына сұрақ қою барысында оның макетіне қатысты сын айтылып жүргенін еске салды. Жаңа стадионның макеті 2018 жылы Ресейде ашылған «Мордо́вия Аре́на» көшірмесі екенін айтты.
Шахаров журналиске оның сыртына емес, ішіндегі газон сапасына мән беруге шақырды.
«Мордо́вия Аренаға» ұқсас шығар, әлемде бір-біріне ұқсайтындар бар. Бірақ ақ пен қызыл Ақтөбенің түсі болғандықтан, соған орай ойластырылды«- деді әкім.
Еске салайық, кәсіпкер Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубымен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Нұрлан Артықбаев Алматы мен Астанада тұрғын үй кешендерін салумен айналысатын Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы және мажоритар иесі. 2025 жылдың мамырында алғаш рет Forbes Kazakhstan тізіміне енді: елдегі 75 ең бай бизнесменнің ішінде 44-орынға тұрақтады. Басылым оның байлығын 228 млн доллар деп бағалаған.