Акциялар, ETF, облигациялар: Қазақстанда инвестицияға алғаш қадам басқандарға кеңес

Қазіргі заманның қаржы әлемінде кез келген адам үшін инвестиция салу маңызды және тиімді шешім бола алады. Бірақ бұл процесс көпшілік үшін үрей туғызуы мүмкін. Қазақстанда 2025 жылы инвестициялау туралы шешім қабылдаған кезде, қандай қаржы құралдарын таңдау керек? Егер сіз инвестиция салуға қызығушылық танытып, бірақ бастапқы капиталыңыз тым аз деп ойласаңыз, алаңдамаңыз. 2025 жылы қаржы нарығында аз ғана қаражатпен де табысты инвестициялау мүмкіндігі бар. Шағын сомамен бастау – бұл үлкен инвестицияларға қадам басудың бірінші сатысы. Қалайша өз ақшаңызды тиімді пайдаланып, алғашқы қадам жасауға болады?
Бұл сұраққа жауап табу үшін біз инвестициялау тәсілдерін қарастырып, жаңадан бастаушылар үшін ең тиімді стратегияларды бөлісеміз.
Инвестиция деген не
Инвестиция – сіздің ақшаңыздың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Яғни белгілі бір активке немесе құралға ақша салу арқылы болашақта пайда табу. Инвестициялау – тек байлық жинау емес, сонымен қатар өз қаржылық болашағыңызға жауапкершілікпен қарау. Әрине, кез келген инвестиция тәуекелмен байланысты, бірақ оларды дұрыс басқарсаңыз, үлкен табыс әкелуі мүмкін.
Инвестицияны қайда салуға болады
Қазақстанның қаржы нарығы қазір дамып келе жатқанымен, мұнда инвестиция салуға болатын бірнеше құрал бар. Сіз акцияларға, ETF-терге, облигацияларға немесе басқа да қаржы құралдарына салым жасай аласыз. Әр құралдың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Акция дегеніміз не
Акция – компанияның иесі болуға мүмкіндік беретін құнды қағаз. Яғни акция сатып алған кезде, сол компанияның белгілі бір бөлігінің иесі боласыз. Компания пайда тапса, сіз де пайда аласыз, ал компания зиян шексе, сіз де шығынға ұшырайсыз. Акциялар арқылы компаниялар өздеріне қаржы жинайды, ал инвесторлар пайда табуға тырысады.
Акциялар қалай жұмыс істейді
Мысалы, Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі – «ААА» деп алайықшы. Егер сіз ААА-дің акциясын сатып алсаңыз, осы компанияның бір бөлігіне иелік етесіз. Егер «ААА» пайда тапса, сізге дивидендтер төленуі мүмкін, ал компания акцияларының бағасы өспесе де, сіз сол акциялардың қымбаттауына үміттеніп табыс таба аласыз.
Акцияның бағасы неге байланысты өзгеріп отырады
Акцияның бағасы компанияның қаржылық жағдайына, нарықтағы сұранысқа және экономикалық факторларға байланысты өзгеріп отырады.
- Компанияның табысы мен шығыны: Егер компания жақсы табыс тапса, оның акцияларының бағасы көтерілуі мүмкін. Мысалы, Егер «ААА» жоғары пайда көрсетсе, оның акциялары қымбаттайды.
- Нарықтағы сұраныс: Егер көп адамдар «ААА» акциясын сатып алғысы келсе, онда акцияның бағасы жоғарылайды. Сонымен қатар компания туралы жаңалықтар оң болса, акционерлер оның акцияларын сатып алуға асығады, бұл бағасының өсуіне әкеледі.
Мысалы:
- Компания: «ААА компаниясы» (KASE, NASDAQ нарығында саудаланады)
- Акция бағасы: Егер «ААА» акциясы бір уақытта 1000 теңгеге сатылса, оны сатып алған инвестор сол акцияның иесі болады.
- Пайда: «ААА» 2025 жылы жақсы қаржылық нәтиже көрсетсе әрі акция бағасы 1000 теңгеден 1200 теңгеге дейін көтерілсе, сіз осы 200 теңгені пайда ретінде көресіз.
Сонымен қатар «ААА» әр тоқсанда немесе сол жылы пайда тапса, акцияның иелері дивиденд алады. Бұл дивидендтер – компанияның пайдасының бір бөлігі, акционерлерге төленетін ақша.
Акциялар неліктен тиімді
- Жоғары табыс мүмкіндігі: Компанияның бағасы өскен жағдайда, табысыңыз да өсуі мүмкін. Мысалы, Kaspi акциясы бір жыл ішінде бағасын 1000 теңгеден 1500 теңгеге дейін көтерсе, сіздің пайдаңыз 50% болуы мүмкін.
- Дивидендтер: Компанияның акционерлеріне тұрақты түрде дивиденд төлеуі мүмкін. Бұл қосымша табыс көзі.
Қысқаша қорытынды
Акция – компанияның бір бөлігіне ие болу. Егер акция сатып алсаңыз, компанияның табысына немесе шығысына байланысты пайда аласыз. Компанияның бағасы өссе, табысыңыз да өседі. Сондықтан акция – жоғары табыс алудың мүмкіндігі, бірақ ол белгілі бір деңгейде тәуекелмен байланысты.
ETF дегеніміз не
ETF (Exchange-Traded Fund) – қор биржасында сатылатын инвестициялық қор. Бірақ оны тек қор нарығында сатылатын қарапайым қор емес, арнайы құрал деп санауға болады. ETF-тің басты ерекшелігі – бірнеше акцияларды немесе басқа да қаржы құралдарын өз ішінде жинақтап, бір «қорап» ретінде сатады.
Инфографика 01: ETF бағалы қағаздардың жиынтығы (мысал)
Қалай жұмыс істейді
Мысалы, сіз тек бір компанияның акцияларына ақша салғыңыз келсе, онда тек сол компанияның өсуіне немесе құлдырауына тәуелді боласыз. Ал ETF-ке ақша салғанда, сіз бірден бірнеше компанияның акцияларына иелік етесіз. Мысалы, белгілі бір ETF Қазақстандағы ірі 10 компанияның акцияларын жинақтап, соларға бірге инвестиция жасауға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – сіздің тәуекеліңіз азаяды, себебі бір ғана компанияның проблемасынан сіз барлық инвестицияңызды жоғалтпайсыз.
Неліктен ETF тиімді
- Әртараптандыру: ETF арқылы бір уақытта көптеген компанияларға немесе активтерге ие боласыз. Яғни, бір акцияның бағасы төмендесе, басқа акциялардың бағасы көтерілуі мүмкін, бұл жалпы инвестицияңызды қорғауға көмектеседі.
- Төмен шығындар: Әдетте, жеке акциялармен салыстырғанда, ETF-терді басқару шығындары төмен болады. Сонымен қатар ETF-терді сатып алу немесе сату өте оңай, себебі олар қор биржасында еркін айналады.
- Қолжетімділік: ETF-терді сатып алу немесе сату үшін үлкен сома қажет емес. Мысалы, 10 000 теңгеге ETF сатып алып, бірден бірнеше компанияның акцияларына иелік ете аласыз.
Қысқаша қорытынды
ETF – бұл нарықта көп акцияларға немесе басқа активтерге қол жеткізу үшін тиімді құрал. Егер сіз әртүрлі компаниялардың акцияларына бірден инвестиция жасағыңыз келсе, бірақ нақты қай компанияның акцияларын таңдауға шешім қабылдай алмасаңыз, ETF жақсы таңдау болады.
Облигация дегеніміз не
Облигация – қарыздық бағалы қағаз. Қарапайым тілмен айтқанда, облигация сатып алу – мемлекетке немесе компанияға қарызға ақша беру деген сөз. Сіз облигацияны сатып алған кезде, облигация шығарушы компанияға немесе мемлекетке белгілі бір уақытқа ақша қарызға бересіз. Сол мерзім аяқталғаннан кейін, олар сізге негізгі соманы және келісілген пайызыңызды қайтарады.
Облигация қалай жұмыс істейді
- Қарыз беру: Сіз облигация сатып алған кезде, ақшаңызды мемлекетке немесе компанияға қарыз ретінде бересіз.
- Пайыз алу: Облигацияны шығарған тарап сізге белгілі бір пайыз төлеуге міндеттеледі. Бұл пайызды «девиденд» деп те атайды, бірақ ол тұрақты болады. Яғни, облигацияның шарты бойынша, сіз алдын ала белгіленген пайызбен табыс аласыз.
- Негізгі соманы қайтару: Облигацияның мерзімі аяқталған соң, сіздің берген ақшаңыз толығымен қайтарылады. Мысалы, 5 жылға облигация сатып алсаңыз, 5 жыл өткеннен кейін, инвестициялаған соманы қайта аласыз.
Неліктен облигациялар тиімді
- Тұрақты табыс: Облигацияның негізгі артықшылығы -тұрақты пайыздық табыс алу мүмкіндігі. Әрбір облигацияның мерзімі мен төлемі алдын ала белгілі, бұл оны болжауға ыңғайлы етеді.
- Төмен тәуекел: Мемлекеттік облигациялар әдетте ең қауіпсіз саналады, себебі мемлекет өз қарыздарын өтеуге міндетті. Сондықтан тәуекел деңгейі өте төмен.
- Қысқа және ұзақ мерзімді опциялар: Облигациялар әртүрлі мерзімге ие болуы мүмкін. Кейбір облигациялар бірнеше айда өтелсе, басқалары бірнеше жылға дейін берілуі мүмкін.
Қысқаша қорытынды
Облигация – өз ақшаңызды қарызға беріп, тұрақты түрде табыс табу мүмкіндігі. Бұл құрал тәуекел деңгейі төмен, бірақ жоғары табыс күтудің орнына тұрақты кіріс әкелуге бағытталған. Егер сіз тұрақты және қауіпсіз табыс көзін іздесеңіз, облигациялар – өте жақсы таңдау.
Инвестициялаудың негізгі стратегиялары
Инвестициялау кезінде әртүрлі стратегияларды қолдануға болады. Қандай құралды таңдайтыныңыздан бұрын, тәуекелге деген көзқарасыңызды анықтау маңызды.
Тәуекелді басқару
Инвестициялаудың басты қағидаларының бірі – тәуекелді дұрыс басқару. Тәуекелсіз табыс болмайтыны анық, бірақ оны төмендетуге болады. Әртүрлі құралдарға ақша салу арқылы сіз тәуекеліңізді бөле аласыз.
Ұзақ мерзімді көзқарас
Инвестициялау кезінде ұзағырақ мерзімге жоспарлау маңызды. Көптеген инвесторлар акциялар мен облигациялармен бірнеше жыл бойы жұмыс істеп, тұрақты табыс табады. Ұзақ мерзімді стратегия – қиындықтарды жеңіп, нарықтағы қысқа мерзімді ауытқуларға мән бермей, тұрақты кіріс алу жолы.
Пассивті инвестициялау
Пассивті инвестициялау – нарықтың жалпы бағытымен бірге қозғалу. Мысалы, ETF арқылы сіз бірден бірнеше компанияның акцияларына инвестиция сала аласыз және нарықтың жалпы өсуінен пайда көре аласыз.
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері
Қазақстанның қаржы нарығы жылдан жылға дамып келеді, бұл жергілікті инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік облигациялар, ірі компаниялардың акциялары, сондай-ақ жылжымайтын мүлік сияқты ұзақ мерзімді активтермен жұмыс істеуге болады.
Қорытынды: Қаржылық болашағыңызды бүгіннен бастау
2025 жылы инвестициялар әлеміне қадам басқан кезде, басты мақсаттарыңыздың бірі -қаржылық еркіндікке қол жеткізу болар. Қазақстандағы қаржы құралдарының көптігі сізге көптеген мүмкіндіктер береді, бірақ оларды дұрыс таңдау үшін жақсы білім мен стратегия қажет. Инвестициялаудың негізгі ережелері – тәуекелді басқару, мақсатты анықтау және ұзақ мерзімді стратегия ұстану. Инвестиция салу арқылы сіз өз болашағыңызды құра аласыз.
Бұған дейін Kursiv.Media акция сатып алғысы келетін жаңа қолданушыларға 2025 жылғы ТОП-5 брокерді анықтап, талдап берген болатын.