Өскемендегі колонияда шу шықты
Жарияланды

Өскемен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде сотталғандар тыйым салынған аймаққа өтпек болған. Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың бұл әрекетіне 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі кедергі келтірген.
Ақпаратқа қарағанда, сотталғандар тыйым салынған заттарды да алып өтуге әрекеттенген.
Қарауылда тұрған сарбаз нұсқаулыққа сәйкес бұл туралы қарауыл бастығына хабар берген.
«Заңды талаптарды орындамағанына байланысты әуе бағытында ескерту ретінде оқ атылды. Режим бұзушылықтың жолы кесілді, кінәлі сотталғандар қатаң жағдайда ұстау секторына орналастырылды», – делінген ақпаратта.
Бұған дейін, Түркістанда түрмеге 10 телефон алып кірмек болған адам ұсталған.