«Келешек мектептері» жобасы жоспарынан кешігіп жатыр ма?

Елдегі маңызды жобалардың бірі – «Келешек мектептері» бағдарламасы. Жоспар бойынша, 2023 – 2025 жылдар аралығында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынуы керек еді. Толық салынып біткен күнде білім ошақтарын күтіп-ұстауға кім жауапты болады? Сенат отырысында осы мәселе талқыланды.
Үкімет «Келешек мектептері» жобасын қаржыландыруды жергілікті бюджетке артты. Республикалық бюджетке енгізілмеген. Сенатор Руслан Рүстемов «мектеп шығындарын жергілікті әкімдіктер көтере ала ма» деген сұрақ қойды .
«Бізді бұл мектептерді 2026-2028 жылдары қаржыландыруға қатысты сұрақ алаңдатады. Жергілікті атқарушы органдарда алдағы үш жылда осы мектептерді ұстап тұруға, оның ішінде ұстаздардың жалақысы мен басқа да шығындар бар 1 трлн 268 млн теңгеге өтінім қалыптастырылған. Алайда бұл қажеттілік үш жылға арналған жалпы сипаттағы трансфертке енбеген. Осыған байланысты сұрақ: алдағы үш жылда бұл оқу орындары толыққанды қаржыландырылмаса, «Келешек мектептері» жобасының мақсатына қалай қол жеткіземіз? Не себепті аталған өтінім қолдау таппады?», – деген сұрақ қойды ол.
«Қиындықтар бар»
Депутатқа жауап берген Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім ошақтарының қаражаты жергілікті бюджеттерге бекітілгенін атап өтті.
«Жергілікті атқарушы органдармен, ұлттық экономика министрлігімен мәселе егжей-тегжейлі пысықталып, шешімін табуда. Бұл мектептер бұған дейін де апатты мектептер орнына салынған. Ол мектептердің қаражаты жергілікті атқарушы органдардың бюджетінде бар. Айлық жалақысына байланысты алаңдататын мәселе жоқ. Ол мұғалімдер бұған дейін де білім орындарында жұмыс істеді, сондықтан олардың қаражатына жергілікті атқарушы органдарда бюджет қарастырылған», – деді министр
Бірақ Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бюджет есептеуде «қиындық бар» екенін мойындады. Дегенмен келесі жылы салық көбейеді, сол кезде бәрі реттеледі деп сендірді.
«Ауылдағы мектептерде сметалық есеп бекітілген, онда қиындықтар бар. Әңгіме 54 млрд теңге туралы. Біз есептедік. Бюджеттік кодексте мектептерді күтіп-ұстау жергілікті атқарушы органдар міндетінде деп жазылған. Егер әр жыл сайын салық әлеуеті 27%-ға өсетінін ескерсек, 54 млрд теңге көп болмайды. Кей өңірде қиындықтар туындаса, республикалық бюджеттен көмектесеміз», – деді ол.
Айта кететін жайт, Жұлдыз Сүлейменованың жауабын тыңдасақ, екі жүзден астам мектеп толық салынып бітпеген тәрізді.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 217 мектептің 181-нің құрылысы аяқталды», – деді ол.
Ұлттық жоба шеңберінде жалпы 460 мың орынға арналған 217 заманауи мектеп салу жоспарланған. Оның 40%-дан астамы ауылдық жерлерде бой көтереді.
Бұл мектептердің құрылысы өте тез, қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс уақыты 18–20 айдан 8–9 айға дейін қысқарды. Жобаның жүзеге асырылуын жауапты Samruk-Kazyna Construction компаниясының мәліметінше, қазір 36 мектеп қалған, олар жыл соңына дейін ашылуы керек.