Қазақстанда адамдарды рұқсатсыз видеоға түсіруге тыйым салынуы мүмкін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева адамдарды рұқсатсыз видеоға түсіруге тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, мәселені талқылау үшін жұмыс тобы құрылған.
«Қандай да бір тұлғалардың рұқсатынсыз түсіретін пранктар мен түсірілімдер бар. Сондықтан бұл норманы талқылайтын боламыз. Өйткені жұмыс тобы енді ғана құрылып жатыр. Қаласаңыздар, оның жұмысына бәріңізді де қоса аламын. Кімді түсіруге болады, кімді түсіруге болмайды, деп аражігін ажыратып алу қажет», – деді Балаева сенат кулуарында журналистерге.
Министр кейбір мәселелерді жұмыс тобында талқылауға шақырды. Оның айтуынша, азаматтар тарапынан жеке өтініштер де келіп түсіп жатыр. Азаматтар сурет пен фидеоға түсірушілерден бір жаққа бару мүмкін болмай, достарымен қыдыра алмай қалғанын айтып шағымданады.
Журналистердің «бұл шенеуніктердің қалауы емес пе» деген сауалын министр жоққа шығарды.
«Жоқ, мүлде олай емес. Біз бұған үйреніп қалдық», – деп жауап берді Балаева.
Айта кететін жайт, Аида Балаева мұның алдында «Cancel мәдениеті» туралы пікір білдірген еді.