Бейәдеп сөз айтқан Шығыс Қазақстандағы ауыл әкімі қызметінде қалды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеуханның тұрғындарға бейәдеп сөз айтып, агрессия танытқан әрекетіне қатысты пікір білдірді.

Еске салып өтейік, қазан айының басында әлеуметтік желіде Шілікті ауылының әкімі өзінің қабылдауында болған тұрғындармен сөзге келіп қалған видеосы тараған. Әңгіме барысында шенеунік өзін ұстай алмай, бейәдеп сөздер айтқан. Кейін әкім тұрғындарды балағаттағаны үшін кешірім сұрады. Десе де оның бұл әрекеті үшін айыппұл салынып, кейін оның әрекеті Әдеп кеңесінде қаралды.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік қызметкерлердің мұндай әрекеті жауапсыз қалмауы керек екенін айтты.

«Тәртіптік шаралар қабылданды. Мен, облыс әкімі ретінде, мұндай жағдайларға қарсымын. Бірден қызметтік тексеріс жүргізіліп, мәселе әдеп жөніндегі комиссияда қаралды. Жауапты тұлғаларға қатаң сөгіс берілді. Осы салаға жауапты орынбасарым да жауапкершілікке тартылды», –  деді Сақтағанов.

Десе де теріс қылық көрсеткен ауыл әкімі жұмыстан қуылмады. Аймақ басшысы сол оқиғадан екі ай бұрын оны халықтың өзі сайлағанын айтады. Нұрымбет Сақтағановтың сөзіне сенсек, Қуаныш Төлеуханға бейәдеп сөз айтқан, басқа ауылдың тұрғындары екен.

«Мемлекеттік қызметкер ретінде ауыр шоқпарды белге байлағаннан кейін, кез-келген жағдайда мемлекеттік этиканы сақтауымыз керек. Барлық мемлекеттік қызметкерлерге қатаң ескерту айтылды. Ендігіде мұндай мәселе болмайды деп ойлаймын«, – деп түсіндірді облыс әкімі брифинг барысында.

Мұның алдында Мәжіліс депутаты бұрынғы әкімнің ұлы қала аумағындай жерге иелік ететіні туралы мәлімдеме жасаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз