ШҚО әкімі мемлекет меншігіне өткен «Рахман қайнарының» даму жоспарын атады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: otdyh-vko.kz
Фото: otdyh-vko.kz

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мемлекет меншігіне өткен «Рахман қайнары» шипажайының болашағы туралы айтты.

«Туристік әлеуеті зор осы аумақты сақтап қалуға тырысамыз. Шипажайдың мемлекет меншігіне қайтарылуы маңызды қадам. Қазір бұл мәселе өңір мүддесі үшін нақты қарастырылып жатыр», – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, нысан мемлекет меншігіне өткен бойда әкімдік бірқатар кешенді жұмыстарды бастап кеткен:

  • 94 жылжымайтын мүлік нысанының түгендеуі жүргізілді;
  • екі мыңнан астам мүлік бірлігі есепке алынды;
  • аумақты күзету ұйымдастырылды;
  • құқықтық және техникалық құжаттар әзірлене бастады.

Әкім қазіргі уақытта шипажайға қатысты алдағы шешімдер үшін қажет барлық заңдық рәсімдер аяқталып қалғанын айтады.

«Қазіргі кезде барлық құжаттарды реттеп жатырмыз, мемлекеттік актілер, техникалық төлқұжаттар әзірленуде. Бұл – шипажайды ары қарай дамыту үшін қажетті негізгі база», – деді ол.

Еске салайық, бұл нысан бұрын «Бипэк Авто Қазақстан» компаниялар тобы мен кәсіпкер Анатолий Балушкинге тиесілі болған. Мемлекет иелігіне өткен бүкіл мүліктің жалпы құны 3 млрд теңгеден асқан.

2024 жылдың тамызында Өскемен қаласында Балушкин мен «Азия Авто» АҚ бас директоры Ерік Сағымбаевқа қатысты сот процесі басталды. Екеуі де Ресейде болғандықтан, сот сырттай өтіп жатыр. Оларға аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Анатолия Балушкин қазір Ресей азаматы.

Сондай-ақ оқыңыз