«Қойшы, солай ма?» – Дәурен Қосанов әскердегі әлімжеттік туралы

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Министр әскерді қоғамнан бөліп қарастырмауға шақырды / фото: gov.kz
Министр әскерді қоғамнан бөліп қарастырмауға шақырды / фото: gov.kz

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Қазақстан әскерінде әлімжеттік бар деген пікірді жоққа шығарды.

Сонымен қатар «ай сайын сарбаз қайтыс болып жатыр» деген сөзді де терістеді.  

Сенат дәлізінде Қорғаныс министрі мен журналистер арасында мынадай қызық пікірталас болды:

Қазақстан әскерінде ай сайын, тіпті апта сайын солдат өліп жатыр? Сіз бұл туралы білесіз бе?

– Қойшы, солай ма?

Сізге күлкілі ме?

– Шын айтамын, солдаттардың аналарының келгені туралы сөз етсек, ол оқиғалар 2020-2023 жылдары болған. Әр ананы қабылдап жатырмыз. Митингке шыққан аналардың барлық сауалы тергеу шараларына қатысты. Тергеуді Әскери прокуратураның бақылауымен Ішкі істер министрлігі өткізуде. Бұл – біздің мәселе емес. Біз ай сайын пресс-тур өткіземіз. Сіздер келмейсіздер.

– Солдаттар ай сайын өліп жатыр. Суицид, менингит дейді. Шындығында, өлтіріп жатыр. Зорлық көреді…

– Зорлай ма? Білмеймін. Мұндай дерек болса, бізге көрсетіңіз.

Неге мұндай өлімді тоқтатпайсыздар?

– Сіз сабырлық танытып, сөйлей аласыз ба?

Неге күлесіз?

– Нақты факті келтіріңіз. Сіз құрғақ сөз айтып жатырсыз.

Митингіге шыққан аналардың талабымен келісесіз бе?

– Әрқашан диалогқа дайынбыз. Ол кісілерді бірнеше рет қабылдағанбыз. Олардың сауалдары прокуратура мен ішкі істер министрлігінің құзырына жатады.

Әскердегі тәртіпті күшейту керек деген талаптарымен келісесіз бе?

– Келісеміз. Жұмыс істеп жатырмыз. Командирлермен де, психология институттарымен де. Әр жерге камера қойып жатырмыз.

Әскерде заңсыздық, тәртіпсіздік бар екенін мойындайсыз ба?

– Қандай заңсыздық?

– Уставтан тыс қарым-қатынас…

– Әскерде әлімжеттік жоқ. Ер жігіттер бар жерде ондай әрқашан бола береді. Ол біздің қоғамда да бар. Жігіттер бір-бірімен келіспей қалады. Ерегесіп қалады. Ондай да бар. Әскерді қоғамнан бөлмеңіздер. Біз де – қоғамның мүшесіміз.

Әскерде қашан тәртіп орнатасыз?

– Орнатып жатырмыз. Бәрін жасап жатырмыз…

Айта кететін жайт, 10 қарашада Астанада әскерде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің ата-анасы жиналды. Олар ел басшылығына әскери қызмет жүйесін реформалауды және сарбаздардың қауіпсіздігін арттыруды талап етті. 

Сондай-ақ оқыңыз