Парламенттік реформаға қатысты Ақордаға 300 ұсыныс түскен

Қоғам тарапынан парламенттік реформаға қатысты 300-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Ол үшін e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылған. Бүгін Ақордада Тоқаевтың қабылдауында болған мемлекеттік кеңесші, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қарин осылай деді.
Оның ішінде елдегі «Amanat», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары өз ұсыныстарын жолдаған. Онда бір палаталы парламенттің қызметі мен парламенттік партиялардың өкілеттігіне қатысты тетіктер қамтылған.
Қазір барлық ұсынысты талдау және жүйелеу ісі қолға алынды. Жұмыс тобының екінші отырысын биыл 2 желтоқсанда өткізу жоспарланған. Жиында ұсыныстар жекелеген бағыттар бойынша жан-жақты қарастырылады деп баяндады Ерлан Қарин.
Өз кезегінде Тоқаев барлық бастаманы жан-жақты қарап, олардың негізінде парламенттік жүйені жаңғырту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.
Қыркүйектегі жолдауында Тоқаев бір палаталы парламент құрылатынын хабарлады. Бір ай өткен соң парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Ол топ мүшелерінің толық тізімін мына жерден көре аласыз.