Үкімет жәрдемақыларды есептеудің жаңа әдіснамасын әзірлемейтін болды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media архиві

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік жәрдемақыларды есептеудің жаңа әдіснамасын әзірлеу жоспарда жоқтығын хабарлады.

Светлана Жақыпова депутаттарға берген жауабында жәрдемақылар мүгедектігі бар адамның еңбек өтілі бар ма, жоқ па, жәрдемақы алу үшін жұмыс тоқтатылғанына немесе жалғасқанына қарамастан төленетінін ескертеді.

Жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне, сондай-ақ сол жылға бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Күнкөріс деңгейі өсетіндіктен, жәрдемақы жыл сайын инфляция деңгейінде ұлғайып отырады.

«Кейбір жылдары Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде олар екі рет көтерілді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 8,5 пайызға өсті. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап аталған жәрдемақылар қосымша 14,5 пайызға өсті, бұл олардың жылдық мәнде 23 пайызға өсуін қамтамасыз етті. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 6,5 пайызға өсті. Бүгінгі күнге әлеуметтік жәрдемақыларды есептеудің жаңа әдіснамасын әзірлеу жоспарланбаған жөнінде хабардар етеміз», – дейді Жақыпова.

Аталған мәселені Парламент қабырғасында Жалпыұлттық социалдемократиялық партиясы фракциясының депутаттары көтерген. Олар мүгедектердің өмір сүру құқығын басқалармен тең дәрежеде тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік жәрдемақыларды есептеудің жаңа әдіснамасын әзірлеуді талап ететінін жеткізген. Алайда Үкімет өз ұстанымында қалып отыр.

Бұған дейін 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңге бөлінетіні хабарланған. Оның ішінде 6,8 трлн теңге әлеуметтік төлемдерге, яғни зейнетақы, жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік қолдау түрлеріне бағытталса, 3,9 трлн теңге адами капиталды дамытуға жұмсалмақ. Елде әлеуметтік жәрдемақылар өсетіні жайлы және кімдер көп алатынын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз