Астана мен Алматыда жеке ақылы автотұрақтар болмайды – Базарбек

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек құрылыс кодексі жобасы бойынша жұмыс тобы өзінің ақылы тұрақтар жөнінде енгізген түзетуін қолдағанын хабарлады.
Базарбек Жер кодексінің 109-бабына енгізілген өзгеріс арқылы Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтарды алып тастауды ұсынған.
«Алматыда олигархтар фирма-прокладка құрып, халықтан тұрақ ақысы арқылы ақша жинағанын бәрі біледі. Қаланың бюджеті миллиардтаған теңгеден айырылды, кінәлілер сотталды, бірақ жүйе тоқтаған жоқ – Алматыда да, Астанада да жалғаса берді. Халық төлеп жатқанда, біреулер сол ақшамен байып отырды. Астана мен Алматыдағы ақылы тұрақтар – бұл қызмет емес, таза схема болды. Инвестиция жоқ, инфрақұрылымға өзгеріс жоқ, тәртіп жоқ. Тек күмәнді жолмен тұрақтарды иемденгендердің қалтасына құйылған миллиардтар ғана болды. Біз бұл жүйеге нүкте қоямыз», – деп жазды ол.
Базарбектің айтуынша, дағдарыс кезінде халықтың есебінен баю – қоғамға қарсы қылмыс.
«Әділдік қалпына келуі керек», – дейді депутат.
Бақытжан Базарбек өзінің түзетуін қолдағандардың қатарында Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Дүйсенбек Тұрғанов, Ұлықбек Тұмашинов, Құдайберген Бексұлтанов, Ермұрат Бапи, Нұргүл Тау, Данабек Исабеков, Әділ Жұбанов, Үнзилә Шапақ пен Динара Наумова барын айтты.
Еске сала кетейік, биыл 8 қазанда Мәжіліс бірінші оқылымда құрылыс кодексінің жобасын мақұлдаған. Құжат сәулет және құрылыс саласындағы қатынастарды реттеуді жетілдіру, сондай-ақ саланың жүйелі мәселелерін шешуді мақсат етеді.
Сондай-ақ бұған дейін Астана әкімдігі елорданың ақылы автотұрақтарында минутына төлем алына бастайтын жобаны әзірлегенін жазғанбыз.